
8 жастағы Мырзакелді Алпамыс Астана қаласында өткен халықаралық "Ice Stars Cup" турнирінде 3-жасөспірімдер санаты бойынша топ жарып, 1-орын иеленді. "Алау" мұз айдынында өткен бұл турнир жас спортшы үшін мансабындағы алғашқы үлкен жарысы болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мырзакелдінің дайындығы 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаеваның академиясында өтеді. Ол жерде жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, оның ішінде жеке бапкері Лучихина Неждана мен академияның бас бапкері Андрей Васильевич те Мырзакелді Алпамыстың жан-жақты дамуына өз үлестерін қосып жатыр.
Мұз айдынындағы алғашқы қадам
Мырзакелді 2022 жылдың қараша айында мұз айдындағы алғашқы қадамдарын жасаса, 2023 жылдың қыркүйегінен бастап бұл спортпен жүйелі түрде айналыса бастады. Әжесі Зәуре Жұмабаеваның айтуынша, немересі спортқа бірден қызығып, өзінің бар ынта-жігерін жаттығуға арнап келеді.
"Ең алғаш мен екі немеремді сынама сабаққа апардым. Мырзакелдіге бірден ұнады. Қазір мектепте екінші сыныпта жақсы оқиды. Жаттығулары ұзақ болғанымен, сабағын да ұмытпай, жақсылап оқып жүр. Оның бос уақыты жоқ десек те болады. Себебі немерем бұл спорт түрімен кешірек айналыса бастады, сондықтан оған көп жұмыс жасау қажет", - деді әжесі.
Отбасылық қолдау және үлкен армандар
Мырзакелдінің мәнерлеп сырғанаудағы жетістіктері мен спортқа деген құштарлығы, ең алдымен, оның атасы мен әжесінің қолдауымен тікелей байланысты. Олар немересінің спорттық жолға түсуіне бастамашы болып, оның армандарына қанат бітірген. Олар немерелерін өздері арнайы жаттығуға апарып, алып келеді. Осы мақсатта отбасы биыл тамыз айында Астанаға көшіп келді.
"Өзіміздің бала-шағамызды өсірдік, жетілдірдік. Оларды өз өздерін асырай алатындай дәрежеге жеткіздік. Енді біз бос уақытымызды, қаражатымызды, күш-жігерімізді осы немерелерімізге салып жатырмыз.
Мырзакелдінің туып-өскен жері – Атырау облысы, Құлсары ауданы. Біз бастапқыда өз жоспарымыз бойынша Алматыда да қалуды ойладық. Бірақ немереміздің болашағы үшін Астанаға келуді жөн көрдік. Бұл шешімімізге өкінбейміз. Астанаға келгелі бері Мырзакелді жаңа қырынан ашыла бастады", - дейді Зәуре Жұмабаева.
Болашаққа жоспарлар
Мырзакелді келесі жарысын 2025 жылдың қаңтар айында өткізуді жоспарлап отыр. Оның отбасында спортқа деген үлкен сүйіспеншілік бар: інісі футболмен айналысса, Мырзакелдінің өзі мәнерлеп сырғанау арқылы Денис Тен сияқты әйгілі спортшы болуды армандайды.
Сондай-ақ біз Мырзакелдінің әжесінен: "Көпшілік ата-ана балаларын бокс, күрес, дзюдо секілді спортқа береді. Неліктен сіздер Мырзакелдінің мәнерлеп сырғанаумен айналысқанын қаладыңыздар?" - деп сұрақ қойдық.
"Мәнерлеп сырғанау – жарақат алу қаупі аз, әсем спорт түрі. Сондықтан немеремнің оның осы бағытта әрі қарай жан-жақты дамығанын қалаймын. Денис Тен сияқты әлемге танымал спортшы болса екен деп тілейміз", - дейді әжесі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2196627-ata-azhesining-maqtanyshy-8-zhastagy-sportshy-halyqaralyq-turnirding-zhengimpazy-atandy/