Спорт

Зектілері

"Қайғы жұтса да, мені қолдады": Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионаты алдында басынан өткен ауыр күндерді еске алды

Жарияланған күні:

Әйгерім Сәттібаева
Әйгерім Сәттібаева. Фото: instagram.com/boxingkazakhstan

Ересектер арасындағы Азия Чемпионатының қола жүлдегері Әйгерім Сәттібаева спорт журналисі Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасында берген сұхбатында жарыс алдында көңіл-күйін еске алып, үй ішіндегі ауыр қазаға қарамастан ата-енесі қолдау білдіргенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әйгерім Сәттібаеваның айтуынша, дәл Азия Чемпионаты жарысына жиналу барысында қайын ағасы Досхан Сәттібаев дүниеден өткен. "Жолдасым Олжастың туған ағасы. Екеуінің арасы бір-ақ жас. Екеуі егіз қозыдай бірге жүретін" дейді ол.

Төрт жыл бойы күрескен ол жаман ауруға төтеп бере алмаған.

"Дәл сол кезде Азия біріншілігінің сборындамын. Хабарды естігенімде, қолымды бір сілтей салғым келді. Екі жыл дайындалып, іріктеуден өттім. Ал "дәлелде мықтылығыңды" деген бізге мүмкіндік беріп жатты. Қаншама рет бала-шағаны тастап, жарыстарды көруге баратынбыз.

Кейде жарақат алсақ та, дайындықты тастамадық. Бәрі басымыздан өтті. Ата-анамыз соның бәрін көрді. Бізді әкемізден бастап патриоттар отбасы десе болады. Қай салада болса да ел намысын қолдан бермейміз. Сонда әкем: "Әйгерім, еңбегін зая кетпесін. Біз сені қолдап жатырмыз. Уайымдама ештеңеге, дайындал, жеңіп кел!" деді. Өздері қиналса да мені солай қолдады. Мен оларды қолдауым керек, керісінше олар мені қолдады. Оларға алғысым шексіз",  – деді Әйгерім Сәттібаева.

Айтуынша, ата-енесі ата-анасындай болып кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2215626-qaigy-zhutsa-da-meni-qoldady-aigerim-sattibaeva-aziia-chempionaty-aldynda-basynan-keshirgen-auyr-kunderdi-eske-aldy/