
29 қаңтарда мәжіліс сырттан келген спортшыларға, яғни легионерлерге мемлекет есебінен ақша төлеуге елімізде тыйым салынатын заңды екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Заңға "жоғары жетістіктер спорты" деген түсінік енгізілген. Бұдан былай, спортқа бөлінген қаражат соларға бағытталады дейді депутаттар. Жоғары жетістіктер спортына: Олимпиада, Паралимпиада, Сурдолимпиада, Пара-Азия және Ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұдан басқасына қаражат бөлінбейді.
Бұрын уәкілетті министрлік бекіткен 180-нен аса спорт түрі үш есе қысқарады. Сондай-ақ заң жобасы, мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, еліміздегі дене шынықтыру саласын да ретке келтіруге, жас буынды спортқа тәрбиелеуде маңызды құрал болуға тиіс.
"Бір азамат 20 жылдан бері басшылықта отыр. Ала алмайды. Әкімдердің бұйрығымен тағайындалған. Бітті. Енді уәкілетті министрлікке мемлекеттік спорттық білім беру ұйымдары яки, мынау спорт колледжі, интернат, ДЮСШ — барлығының басшыларын ротациялауға мүмкіндік бердік", - дейді мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Еске салсақ, бұған дейін депутаттар спорт клубтары жұмсалған миллиардтардың есебін беруге тиіс екенін айтып, бұл салаға есепсіз қаражат бөлуді доғаруды ұсынған болатын. Олар Қазақстан аталмыш салаға қаржы бөлуден талай елді басып озса да, жүлделі орын тым аз екеніне баса назар аударған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2216396-mazhilis-elimizde-legionerlerge-memleket-esebinen-aqsha-toleuge-tyiym-salatyn-zangdy-maquldady/