
1 тамызда "Астана Арена" стадионында әйгілі америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің концерті өтуіне байланысты "Астана" футбол клубы мәлімдеме жасады. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Астана" футбол клубының мәліметінше, Дженнифер Лопестің концертін ұйымдастырушылар клубпен байланысқа шығып, дайындық және монтаж жұмыстарына алты күн қажет болатынын растаған.
"Сонымен қатар алғаш рет алаң төсенішін (газон) кез келген сыртқы әсерден қорғайтын заманауи қорғаныш жамылғы төселеді.
Сондай-ақ клуб басшылығы УЕФА және қарсылас командамен 24 шілдеде Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз алаңында өтетін ойынға қатысты келіссөздер жүргізеді. Бұл бізге еурокубоктағы "Астана Аренада" өтетін ойынды және елордада болатын әлемдік деңгейдегі концертті дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Клуб өкілдері жөндеу жұмыстарынан кейін "Астана Арена" еуропалық жоғары стандарттарға сай келетін заманауи көпфункционалды алаңға айналғанын атап өтті.
"Енді біздің стадион тек спорттық іс-шараларды ғана емес, ауқымды ойын-сауық концерттерін де өткізе алады. Сонымен қатар алаңның сапасы сол жоғары деңгейде сақталады. Мұндай іс-шаралар біздің клубтың мақсаттарымен ұқсас – еліміздің бас қаласын халықаралық деңгейде насихаттау әрі танымал ету. Сондықтан 1 тамызда Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концертіне қатысты клуб тарапынан ешқандай қарсылық жоқ", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, биылғы жазда әйгілі әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің Up All Night әлемдік турнесі өтеді. Турне 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде Астана да бар.
"Астана Концерт" компаниясының продюсері Мәлік Хасеновтың айтуынша, Джей Лоның Астанада өтетін концертіне 15 мыңнан астам шетелдік турист келуі мүмкін. Ал қала экономикасына, HoReCa жүйесіне 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам салық түседі деп күтіліп отыр.
Ал концерт билеттерінің құны 40-150 мың теңге аралығында болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2234565-astana-arenada-aigili-dzhennifer-lopesting-kontserti-otedi-astana-fk-malimdeme-zhasady/