Спорт

Зектілері

Мәжіліс депутаты Көкпар федерациясының президенті болып сайланды

Жарияланған күні:

Айдарбек Қожаназаров
Айдарбек Қожаназаров. Фото: instagram.com/a1darbek

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Көкпар федерациясының жаңа президенті болып сайланды. Бұл туралы Respublica партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

16 сәуірде Астанада Республикалық көкпар федерациясының кезектен тыс конференциясы өткен. Жиында ұлттық спорт түрінің жаңа даму кезеңі бекітіліп, өткен жылдың қорытындылары мен алдағы жоспарлар таныстырылған.

Сондай-ақ федерацияның жаңа президенті сайланған.

"Бұл лауазымға Respublica партиясының төрағасы, парламент мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров сайланды. Өзінің бағдарламасында ол көкпарды жаңғырту мен кеңге насихаттауға бағытталған нақты қадамдарды ұсынды", - делінген хабарламада.

Айдарбек Қожаназаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында "Көкпар" федерациясының президенті болып сайлануына қатысты пікір білдірді. Депутат бұл қызметін парламенттегі қызметіммен қатар алып жүретінін атап өтті.

"Қанша жерден ұлттық спортты жақсы көрсем де, осы бағыттағы талай істің басы-қасында жүрсем де бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.

Бір анығы, соңғы жылдары ұлттық спорттағы бастамалар жүйелі түрде бір арнаға түсіп келеді. Оның бәрі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының оң көзқарасының, тікелей қолдауының нәтижесінде жүзеге асып жатқанын баса айтар едім.

Осы ретте Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлына, Ұлттық спорт қауымдастығының басшылығына, сондай-ақ барлық өңірдегі федерация жетекшілеріне маған артқан сенімі үшін ерекше алғысымды білдіремін!" - дейді Айдарбек Қожаназаров.

Мәжіліс депутатының айтуынша, еліміздгі көкпар спортында түрлі проблема бар.

"Оның біразын ел жақсы біледі. Көп сұрақ Астанадан шалғай жатқан өңірлерде. Осыған байланысты аймақтардағы өзекті сұрақтарды бақылауыма аламын.

Тағы бір маңызды мәселе, көкпардан Қазақстан құрамасының жай-күйі. Бұл бағыттағы жұмыстарды да қадағалаймын. Жалпы көкпаршы мен оның жүйрігінің дайындығы, бабы өте маңызды. Әсіресе ат тақырыбы әлі күнге дейін күрделі. Оның бәрінің шешімі бар. Ең бастысы тәртіп, ауызбіршілік, намыс, отаншылдық деген қасиеттерді бәрінен жоғары қоюымыз керек

Федерация президентінің міндетін парламенттегі қызметіммен қатар алып жүремін. Қолдау білдіріп, жақсы тілегін жазып жатқан баршаңызға алғыс!" - деп жазды Айдарбек Қожаназаров Instagram-дағы парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2236596-parlamenttegi-qyzmetimmen-qatar-alyp-zhuremin-mazhilis-deputaty-kokpar-federatsiiasynyng-prezidenti-bolyp-sailandy/