Бокстан әлем чемпионы атанған ағайынды Сабырхандарға автокөлік, пәтер сыйға тартылды (фото)
Жарияланған күні:

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков әлем және Азия чемпиондарымен кездесіп, жиында жеңімпаздарға автокөліктер мен бағалы сыйлықтар табысталған. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Шымкент әкімі бокстан әлем чемпиондары ағайынды Махмұд және Төрехан Сабырханды, Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль алған Санжар-Әли Бегалиевті, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаевты, сондай-ақ қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбековты қабылдаған.
Мақтаныш пен шабытқа толы атмосфера аясында спортшылар алған әсерлерін бөліссе, қала басшысы олардың тамаша жетістіктерінің бүкіл ел үшін маңызды екеніне тоқталған.
"Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай нәтижелерге жетелейді. Спортшыларымыздың жетістіктері жастарды шабыттандырады және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтады", - деді Ғабит Сыздықбеков.
Жиын соңында қала басшысы чемпиондарды құттықтап, бапкерлері мен тәлімгерлеріне алғыс айтып, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілеген.
Ал жеңімпаздарға демеушілер есебінен автокөліктер мен бағалы сыйлықтар, сондай-ақ пәтер сыйға тартылған.
Айта кетелік, бокстан Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Бұл әлемдік додада Махмұд Сабырхан алтын медаль еншілеп, екі дүркін әлем чемпионы атанса, оның 19 жастағы інісі Төрехан ересектер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2289354-bokstan-alem-chempiony-agaiyndy-sabyrhandarga-avtokolik-syiga-tartyldy-foto/
