Олимпиада ойындарының жүлдегері спорттық мансабын аяқтады
Жарияланған күні:
Қазақстандық фристайл тарихындағы аты аңызға айналған спортшы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Юлия Галышева ресми түрде спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ШҚО әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Юлия Галышеваның халықаралық аренадағы спорттық мансабын ресми түрде аяқтауына орай ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасында баспасөз конференциясы өтті. БАҚ өкілдерімен өткен сұрақ-жауап сессиясында чемпион жаттықтырушылар құрамына, командасына және барлық жанкүйеріне көпжылдық сенімі мен қолдауы үшін шексіз алғысын білдірді.
Ведомство мәліметінше, Юлия Галышева – ұлттық құрама сапында 20 жылдан астам өнер көрсеткен қазақстандық фристайл тарихындағы ең атақты спортшы. Оның спорттық жолы еліміздің қысқы спорт түрлері үшін "алтын дәуірге" айналды. Юлия – могулдан Олимпиада ойындарының жүлдесін иеленген (Пхёнчхан-2018, қола) Қазақстан тарихындағы жалғыз спортшы және осы дисциплина бойынша тұңғыш Әлем чемпионы (2019). Ол – бес бірдей Олимпиада ойындарына (Ванкувер-2010, Сочи-2014, Пхёнчхан-2018, Бейжің-2022 және Милан-Кортина-2026) қатысқан бірегей атлет. Оның қоржынында әлем біріншіліктерінің барлық дәрежедегі марапаты, Әлем кубогы кезеңдерінің және қысқы Азия ойындары мен Универсиадалардың алтын медальдары бар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2360152-olimpiada-oiyndarynyng-zhuldegeri-sporttyq-mansabyn-aiaqtady/