Қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжғалиев шаңырақ көтерді (фото)
Жарияланған күні:
Қазақстандық шорт-трекші, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжғалиев отау құрды. Жас жұбайлар неке қию рәсімін ерекше етіп өткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Спортшы Instagram желісіндегі парақшасында неке қию рәсімінен фото жариялады.
"Өмірімнің көп бөлігі мұз айдынында өтті. Тіпті, мұз менің екінші үйіме айналды деуге болады. Сондықтан осы күнді ерекше өткізгім келді. Сол себепті неке қию рәсімін дәл сол жерде: мұз үстінде, конькимен өткізуді шештім.
Бұл үшін мен өзімнің алғашқы мұз сарайымды таңдадым – дәл осы жерде менің жолым басталып, алғаш рет коньки тепкен едім.
Осы маңызды күні жанымыздан табылып, қуанышымызды бөліскен және осы шараны ұйымдастыруға көмектескен баршаңызға үлкен рақмет.
Баршаңызды құшақтаймын. Әрқайсыңызды жақсы көремін әрі бағалаймын", - деп жазды Абзал Әжғалиев.
Айта кетейік, Абзал Әжғалиев 1992 жылы Батыс Қазақстан облысында туған.
2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) 500 метрлік қашықтықта алтын медаль иеленді. Төрт Олимпиадаға қатысқан (Сочи-2014, Пхёнчхан-2018, Бейжің-2022, Милан-2026).
Бейжің-2022 Олимпиадасында 500 метрлік қашықтықта финалға шығып, төртінші орын иеленді. Бұл — қазақстандық шорт-трекшілердің жекелей сындағы ең жоғары көрсеткіштерінің бірі.
Сондай-ақ 2017 жылғы Алматыдағы Универсиаданың күміс және қола жүлдегері. 2011 жылғы Азия ойындарының эстафетадағы қола жүлдегері.
Ол Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында эстафета құрамында тарихи алтын медаль иеленді.
Абзал екі рет – 2018 жылғы (Пхёнчхан) және 2022 жылғы (Бейжің) Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын ұстап шыққан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/about-sports/2369607-qazaqstandyq-short-trekshi-abzal-azhgaliev-shangyraq-koterdi-foto/