Жанқош Тұраров боксты тастап, ережесіз жекпе-жекке ауыса ма?
Опубликовано:
Танымал боксшы Жанқош Тұраров Instagram желісіне жүктеген жазбасымен өз жанкүйерлерін алаңдатып қойды. Желі оқырмандары спортшының боксты тастап, ММА-ға ауысқалы жатқанын болжады деп жазады NUR.KZ.
Көптен бері кәсіби рингке шықпай кеткен боксшы ережесіз жекпе-жектің белбеулерімен түскен суретін жариялады. Жанқош Тұраровтың бұл әрекетін желідегілер қызу талқыға салып, спортшы бокстан кететінін меңзеп тұр деп болжады.
Сондай-ақ, боксшы өзінің Stories-інде "Қай спорт түрін жақсы көресіз?" деген сауалнама жүргізген.
Сұрақтың астына бокс немесе ММА спортын таңдау мүмкіндігін қалдырған спортшы жанкүйерлерін одан әрі қызықтырып қойған.
NUR.KZ пікірталас тудырған жағдайдың анық-қанығын боксшының өзінен сұрап білді.
"Жоқ. ММА-ға ауысу мүлде ойымда жоқ. Бір жағдайларға байланысты бір жарым жылдай уақытқа бокс тоқтап қалды. Алайда, жақын арада Алла қаласа мансабымды қолға алмақпын. АҚШ-қа жол жүріп, келіссөздер бастаймыз. Сол кезде кіммен, қашан және қайда жұдырықтасатыным белгілі болады" , - дейді Жанқош Тұраров.
Айта кетейік, Жанқош Тұраров өзінің кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегін 2017 жылдың қыркүйек айында өткізген болатын.
Осы орайда, ел арасында бір жарым жылға жуық уақыт жұдырықтаспаған боксшы мансабын аяқтамақ деген қауесеттер де тараған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1773279-zankos-trarov-boksty-tastap-erezesiz-zekpe-zekke-auysa-ma/