Тәуелсіздік күні елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында кәсіпқой бокс кеші өтті. Кештің басты жекпе-жегінде екінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген отандасымыз Айдос Ербосынұлы жеңіс тұғырынан көрінді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтанда өткен "Көшпенділер шайқасы" атты кәсіпқой бокс кешін "SuleimenPromotions" промоутерлік компаниясы ұйымдастырған.
Кештің басты жекпе-жегінде екінші орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы (14-0-0,9КО) жеңіліп көрмеген ганалық боксшы Исса Самирмен (19-0-0,16КО) қолғап түйістіріп, қарсыласын үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.
Осылайша, Ербосынұлы өзіне тиеселі WBC Asia, WBAInternational және WBO Global титулын сәтті қорғап қалды.
Айта кетейік, Айдос Ербосынұлы соңғы рет Минскіде шаршы алаңға шығып, германиялық боксшы Нуху Лавальді (27-8-0,15 КО) төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Сонымен қатар кешегі бокс кешінде шаршы алаңға шыққан қазақстандық былғары қолғап шеберлері Бек Нұрмаганбет (2-0, 1 КО), Евгений Павлов (2-0, 2 КО), Бекзат Нұрдәулетов (1-0, 1 КО) және Данила Семенов (1-0, 1 КО) қарсыластарынан басым түсті.
Естеріңіге сала кетейік, жақында әйгілі отандасымыз Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізеді. Боксшының бұл жолғы қарсыласы ұлты поляк Камил Шеремета.
Айтулы бокс кеші АҚШ-тың Флорида штатында 18 желтоқсан күні жергілікті уақытпен 17:00-де басталады. Ал Головкин мен Шеремета арасындағы жекпе-жекті Нұр-Cұлтан уақытымен шамамен 07:00-де көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1889732-ksipkoj-boks-ajdos-erbosynly-cempiondyk-beldikterin-korgap-kaldy/