Ертең, 5 маусымда АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өтетін бокс кешінде төрт бірдей қазақстандық былғары қолғап шебері жұдырық түйістіреді, деп хабарлайды Sports.kz.
Басылымның мәліметінше, ертең Бек Нұрмағанбет (6-0, 4 КО), Евгений Павлов (6-0, 4 КО), Абылайхан Жүсіпов (1-0, 0 КО) және Әбілхан Аманқұл (дебют) өнер көрсетеді.
Бокс кешінің тікелей трансляциясын Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07:00-де мына сілтеме арқылы көруге болады.
Айта кетейік, Бек Нұрмағамбет америкалық Хайнел Уиллермен (7-1, 6 КО) кездеседі. Супер орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған.
Евгений Павлов мексикалық Алексис Салидомен (2-2, 1 КО) жұдырық түйістіреді. Жекпе-жек алты раундқа жоспарланған.
Абылайхан Жүсіповтың кәсіби спорттағы екінші жекпе-жегі тәжірибелі мексикалық Эдгар Рамиреске (18-20-1, 14 КО) қарсы өтеді. Жартылай орта салмақтағы кездесу төртраундық форматқа жоспарланған.
Ал Әбілхан Аманқұл дебютті жекпе-жегін америкалық боксшы Девонте Макдональдқа (1-0, 1 КО) қарсы өткізеді. Бұл кездесу де төрт раундқа жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/1972540-erten-aqs-ta-tort-birdei-qazaqstandyq-bokssynyn-zekpe-zegi-otedi-video/