Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"26 рет нокаутпен жеңген": Жәнібек Әлімханұлының кезекті қарсыласы туралы не білеміз

Опубликовано:

Жәнібек Әлімханұлы
Фото: Жәнібек Әлімханұлының әлеуметтік желідегі жеке парақшасы

Жәнібек Әлімханұлы көктемнің үшінші айында шаршы алаңға оралады. Оның қарсыласы анықталды. Отандық боксшы Канада өкілі Стивен Батлер жұдырықтаспақ. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыласы туралы ақпарат ұсынады.

Стивен Батлер 1995 жылы 2 қыркүйекте Канаданың Монреаль қаласында өмірге келген. Былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста 2014 жылдан бері өнер көрсетеді. Ол кездесулерінің басым бөлігін отанында өткізген.

Стивен Батлер кәсіпқой рингте 32 жекпе-жекке шығып, оның 26-сын мерзімінен бұрын аяқтаған.

Үш айқаста өзі де нокаутқа түскен. Ал бір кездесуінде тең нәтиже тіркелді.

Канадалықты "құлатқан" боксшының қатарында Жапония өкілі Риото Мурата бар (Мурата - қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннен нокаутпен жеңілген боксшының бірі.

Олар 2019 жылдың 23 желтоқсанында күншығыс елінің Иокогама қаласында жұдырықтасты. Он екі раундқа жоспарланған кездесу бесінші раундта жапониялық боксшының пайдасына аяқталды.

Аталған кездесуде қарсыласын нокаутқа түсірген Риото Мурата чемпиондық титулын сәтті қорғады.

27 жастағы Стивен Батлер - оңқай (Жәнібек Әлімханұлы солақай). Ол шаршы алаңда ашық айқасқа түскенді ұнатады және жойқын соққысына иек артады. 26 қарсыласын нокауқта түсіруі - соның дәлелі.

Стивен Батлердің соңғы кездесуі 2022 жылдың 16 желтоқсанында өтті. Канаданың Шавиниган қаласында болған бокс кешінде ол АҚШ өкілі Джошуа Конлимен жұдырықтасты. Он раундқа жоспарланған айқас соңына дейін жалғасып, төрешілердің шешімімен Стивен Батлер жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Стивен Батлер жекпе-жегі 13 мамырда Стоктон қаласында (Калифорния, АҚШ) өтеді. Кездесуде отандық былғары қолғап шебері WBO чемпиондық атағын екінші рет қорғайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2014671-26-ret-nokautpen-zengen-alimxanulynyn-qarsylasy-turaly-ne-bilemiz-foto/