Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Ташкенттегі әлем чемпионаты қарсаңында отандық былғары қолғап шеберлеріне қолдау көрсетті, деп хабарлайды ұйымның ресми парақшасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Рақышев маңызды дода алдында әр боксшыға күллі халықтың үміт артып отырғанын жеткізді.
"Бокс – еліміздегі ең танымал әрі ең нәтижелі спорт түрі. Сондықтан Ташкенттегі әлем чемпионаты жанкүйерлердің ерекше назарында болары анық. Қазақстан бокс федерациясы, бапкерлер және спортшылардың өздері алдағы додаға тиянақты дайындалу үшін бар күш-жігерін жұмсады.
Соңғы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде иеленіп, тамаша нәтиже көрсеткенін өздеріңіз білесіздер. Ташкентте біздің былғары қолғап шеберлеріміз бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенеміз.
Құрметті жанкүйерлер, спортшыларымызға сіздердің қолдауларыңыз қажет. Демеу болса, ұлттық құраманың боксшылары аянып қалмасы анық. Бірлік бар жерде - тірлік бар. Барлығымыз бір жұдырық болып жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Әлемдік аренада тағы бір мәрте үздік атану үшін қауқарымыз жетеді.
Жігіттермізді ынталандыру мақсатында, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дәстүрлі түрде өз қаражатымнан қосымша сыйақымен марапаттаймын. Чемпиондарға 100 мың АҚШ доллары қарастырылған.
Боксшыларға айтар басты тілегім – есімдеріңізді тарихта қалдырыңыздар. Сіздерге бүкіл Қазақстан жанкүйер болатынын ұмытпаңыздар!", - деді Рақышев спортшыларды қолдау хатында.
Айта кетелік, бокстан әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында өтеді.
Аталған сында ел намысын қорғайтын боксшылар тізімі кеше жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2018227-uzdik-atanuga-qauqarymyz-zetedi-kenes-raqysev-alem-cempionaty-qarsanynda-bokssylarga-aq-zol-tiledi/