Бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан өзінің қай салмаққа ауысатынын нақты айтты. Сондай-ақ боксшы өзін Василий Ломаченкоға ұқсататындарға жауап берді, деп жазады Qazaq Ring подкастына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған. Алайда бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына енбейтіндіктен, ол салмақ ауыстыру туралы шешім қабылдады.
"Бокстан әлем чемпионаты аяқталған соң, бапкерлермен ақылдаса келе, 57 келіге ауысуды жөн көрдім. Өйткені бұл салмақта тәжірибем бар. 22 жасқа дейінгі Азия біріншілігінде осы салмақта топ жарған едім. Оның үстіне, салмағым өсіп жатыр. Дәл қазір 57-58 келіні көрсетіп тұр. Сондықтан 51 келіге салмақ қуғаннан гөрі, 57 келіге жоғарылаған дұрыс деп ойлаймын. Әрине, бұл салмаққа бейімделу оңай болмайды. 57 келінің өз үздіктері бар. Қазақстанда қазір бұл салмақ бойынша ең соңғы орында тұрмын. Әлем чемпионатының финалисі Серік Теміржанов бар. Оразбек Асылқұлов бар. Бәріміздің арманымыз - Олимпиада чемпионы болу. Кім мықты екенін ринг көрсетеді", - деді Махмұд.
Сондай-ақ 2023 жылғы әлем чемпионы өзін әйгілі украиналық боксшы Василий Ломаченкоға ұқсататына қатысты пікірін айтты.
"Мені "қазақтың Ломаченкосы" деп айтып жатады. Екі дүркін Олимпиада чемпионына, әлемнің мықты боксшысына ұқсатқаны, әрине, қуантады. Бүкіл әлемді мойындатқан боксшы ғой. Бірақ өзімнің кейбір стилім ғана ұқсайтын сияқты оған. Ташкентте әлем чемпионы болғанда жеңіс тұғырына көтеріліп жатып, Ломаченконың қимылын қайталадым. Ол да тұғырға көтерілгенде екі қолымен маңдай терін сүртетін. Бұл қимылды маған Олимпиада чемпионы атағы жұғысты болсын деп істедім", - дейді Махмұд.
Махмұд Сабырхан бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2026000-magan-zugysty-bolsyn-maxmud-sabyrxan-aigili-bokssy-lomacenkonyn-erekse-qimylyn-qaitalady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.