Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"ХОК-тың шешімі әсер етті": бокс федерациясының вице-президенті Астанадағы Азия чемпионатына қатысты мәлімдеме жасады

Жарияланған күні:

Бокс қолғабы
Бокс қолғабы. Фото: pixabay.com

Азия бокс конфедерациясы Астанада өтуі тиіс жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігіне қатысты күтпеген мәлімдеме жасады. Ұйымның желідегі ресми парақшасы жарыстың кейінге шегерілгенін хабарлады.

Осыған орай, Bassport.kz Қазақстан бокс федерациясының және Азия бокс конфедерациясының (ASBС) вице-президенті, ASBС директорлар кеңесінің мүшесі Азиз Қожамбетовтің пікірін сұраған болатын.

- Азиз мырза, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құрлық додасының ауыстырылуына не себеп болды?

- Мұның бәрі Халықаралық Олимпиада комитетітінің кезекті сессиясынан кейін белгілі болды. Естеріңізде болса, ХОК-тың соңғы отырысында Халықаралық бокс қауымдастығына (ІВА) қатысты маңызды шешім қабылданып, ХОК ұйымды ресми түрде мойындамайтынын мәлімдеген еді.

Бұл Астанада ұйымдастырылатын жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінің өту мерзіміне өз әсерін тигізді.Алғашында турнирге қатысуға 12 ел өтініш білдірді. Бірақ әр құрамада шамамен 4-5 адамнан екен. Қатысушы елдер саны кейін 14-ке жетті.

Десе де, ең басты себеп - ХОК-тың шешімі болып қала береді. Аталған сынға біздің командамыз да үлкен дайындықпен қатысқалы отыр. Ешкімнің де еңбегі зая кетпеуі тиіс. Сондықтан жарыстың өту мерзімін кейінге шегеру туралы шешім қабылданды.

Қазіргі таңда Халықаралық Олимпиада комитетімен кеңесіп жатырмыз. Хат жіберілді, жауабын күтеміз. Азия бокс конфедерациясы осы жағдайға байланысты Таиландта директорлар кеңесін өткізді. Аталған жиынға мен де қатысып қайттым.

- Директорлар кеңесінде Халықаралық бокс қауымдастығының қазіргі жағдайына қатысты не айтылды? Осы тұста Қазақстанның ұстанымы қандай болмақ?

- Әрине, Қазақстан құрамасы Олимпиададан сырт қалмайды. Төртжылдық додасына тікелей қатысы бар қандай ұйым құрылады, соған өтетініміз сөзсіз. Өйткені Олимпиада – әрбір боксшының өмірлік арманы. Сондықтан бұл шешім талқыланбайды да. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитетінің қандай ұйым құратыны әлі анықталған жоқ. ІВА-ның құзыретін алып тастағанымен, бокстың әрі қарайғы тағдырына жауап беретін ұйым жайлы ештеңе айтылмаған. Әліптің артын бағып, ХОК-тың боксқа қатысты нақты шешімін күтеміз.

Ал Азия бокс конфедерациясы аталған жайтқа қатысты жарғыға өзгеріс енгізді. Түпкі шешім ұлттық федерацияларда қалады. Кез келген федерация Халықаралық Олимпиада комитеті мақұлдаған ұйымға мүше бола алады.

- Халықаралық бокс қауымдастығының (ІВА) әрі қарайғы қызметі қалай болмақ?

- Жаңа ұйым құрылмайынша біз де осында қала береміз. ІВА да жыл сайынғы дәстүр бойынша жарыстарды әрі қарай ұйымдастыра беретінін мәлімдеді. Олардың мүмкіндіктері қашанға дейін жететінінен хабарым жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2027010-xok-tyn-sesimi-aser-etti-boks-federaciyasynyn-vice-prezidenti-astanadagy-aziya-cempionatyna-qatysty-malimdeme-zasady/