Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Асланбек Шымбергеновтің үйінде неліктен үш капитан бар: боксшының анасы қызық деректі бөлісті

Опубликовано:

боксшы
Асланбек Шымбергенов. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Азия ойындарында ел намысын қорғайтын Асланбек Шымбергеновтің үйінде үш капитан бар. Бұл туралы боксшының анасы Анар Мархабаева айтты, деп хабарлайды Qazaq Ring жобасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Отбасымызда үш капитан бар, құдайға шүкір. Папасының шені - капитан, үлкен ұлымның да шені - капитан. Асланбек ұлттық құраманың капитаны. Халықтың үміті ғой. Халықтың үмітін ақтап, жеңіспен оралады деп сенеміз", - дейді спортшының анасы.

Спортшының жеке бапкері Ермек Ертаевтың айтуынша, Асланбекке деген сенім мол.

"Асланбектің осындай дәрежеге жеткеніне өте қуаныштымын. Шәкіртім, жеке шәкіртім. Ел сенімін ақтап, ту ұстап, көшбасшы болып тұр. Сенімді ақтау - үлкен жауапкершілік. Құдай қаласа, сенімді ақтаймыз", - деді боксшының бапкері.

Асланбек Шымбергенов үлкен жеңістерге жетуге өзінің отбасы мотивация беретінін жасырмады.

"Отан отбасынан басталады", - деген сөз бар ғой. Ең алдымен әке-шешем, отбасым, бала-шағам үшін тырысамын. Содан кейін ел, жер үшін шаршы алаңға шығамыз", - деді Шымбергенов.

Айта кетелік, жазғы Азия ойындарында Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта сынға түседі. Ол бокстан әлем және Азия чемпионы, 2018 жылғы Азиаданың күміс жүлдегері.

Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында бокстан Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасының жолдамасына таласады.

"Ең басты мақсат - Олимпиадаға жолдама алу. Лицензия алған соң мақсатты түрде Париж ойындарына дайындаламын", - деді Асланбек.

Жазғы Азия ойындарында Асланбек Шымбергенов жеңіл атлет Надежда Дубовицкаямен бірге еліміздің көк байрағын ашылу және жабылу салтанатында көтеріп шығады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2036182-aslanbek-symbergenovtin-uiinde-nelikten-us-kapitan-bar-bokssynyn-anasy-qyzyq-derekti-bolisti/

pixel