Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) былғары қолғап шеберлерінің барлық салмақ дәрежесі бойынша жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ WBA-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек рейтингте бір орын жоғалтып, төртінші орыннан 5-орынға түсті.
Жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы Евгений Павлов бес сатыға төмендеп, үздік ондықтан шығып қалды. Қазіргі уақытта боксшы 14-орында тұр.
Жаңартылған рейтингте тағы екі қазақстандық боксшы позициясын жоғалтты. Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсетін Жанқош Тұраров бір саты төмендеп, 7-орынға табан тіреді. Ал бұрынғы рейтингте 11-орында болған Батыр Жүкембаев қазір 12-орынға жайғасты.
Ауыр салмақтағы Иван Дычко 15-орында, ал Бек Нұрмағанбет екінші орта санатта 10-орында қалды.
Еске салайық, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны әуесқой боксшылар арасындағы әлемдік рейтингте көш бастады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2095136-qazaqstandyq-boksshylardyng-wba-reitingindegi-orny-belgili-boldy/