
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Астанада өтіп жатқан "Елорда кубогінің" финалында бірнеше қазақстандық боксшы неге жұдырықтаспайтынын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 18 мамырда Астанада "Елорда кубогі" халықаралық турнирінің финалдық кезеңі өтіп жатыр. Финалда Олимпиада лицензиясының иегерлері Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаев және Айбек пен Нұрбек Оралбай өнер көрсетуі керек еді. Дегенмен осы боксшылардың ішінен тек Нұрбек Оралбай рингке шықпақ. Мырзағали Айтжанов басқа боксшылар неге жұдырықтаспайтынын айтты.
"Олардың басты жарысы Олимпиада болғандықтан, жарақат алмау үшін кейбіреуі екі, кейбіреуі үш кездесуден өткізді. Айбек Оралбай ғана бір-ақ рет жекпе-жекке шықты. Ол Еуропа ойындарының күміс жүлдегері, Олимпиада қатысушысы, ауыр салмақтағы ең мықты боксшылардың бірі әзербайжандық Мухаммед Абдуллаевты ұтты.
Ал енді Айбек пен ағасы Нұрбек екеуі рингте бір-бірін аямай ұрса не болады? Жарақат алады. Сол себепті Айбек ағасына жолын берді. Ол дұрыс деп ойлаймын. Өйткені екеуінің арасында ешқандай бәсекелестік жоқ. Біреуі 92 кг, біреуі ауыр салмақ. Шешімді өздері қабылдады, біз құптадық. Неге десеңіз, жарақат алып қалмаулары үшін", - деді Айтжанов Қазақстан бокс федерациясына берген сұхбатында.
Айбек Оралбай ақтық сында Қамшыбек Қоңқабаевпен жұдырықтасуы керек еді. Айбек рингке шықпайтындықтан, жеңіс Қоңқабаевқа беріледі. Ал Нұрбек Оралбай финалда Әзербайжан өкілі Мурад Аллахбердиевпен жұдырықтасады.
Сондай-ақ бапкер Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан қарсыластары жарақат алып қалуына байланысты жекпе-жекпе шықпай-ақ жеңімпаз деп танылғанын айтты.
"Ал Асланбек Шымбергенов турнирде екі жекпе-жек өткізеді деп жоспарлағанбыз. Ол екі жекпе-жегін өткізіп, енді қазір жарақатын емдеп жатыр", - деді Айтжанов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2102828-myrzagali-aitzhanov-elorda-kubogining-finalynda-qazaqstan-quramasynyng-koshbasshylary-nege-oner-korsetpeitinin-tusindirdi/