Бокстан әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, кәсіпқой боксшы (4-0) Абылайхан Жүсіпов осы аптада әуесқой боксқа оралатынын мәлімдемеді. Осы бір хабарды біз де естіп, боксшыға байланысқа шықтық. Қазір Шымкентте өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толықтырып жүрген Абылайхан Жүсіповке KAZ.NUR.KZ тілшісі көкейдегі сауалдарды қойып, аз-кем тілдесті.
– Күні кеше әуесқой боксқа ауысатыныңыз туралы маңызды мәлімдеме жасадыңыз. Бұл шешімді қабылдауға не нәрсе түрткі болды?
– Әуесқой боксқа қайта оралдым. Қазіргі уақытта кәсіпқой бокс пен әуесқой бокста қатар өнер көрсете беруге болады. Оның үстіне түрлі бокс кештерінде бағымды сынап көруге де ниеттімін. Одан бөлек Қарағанды бокс федерациясы да арнайы ұсыныс тастады. Бұл өңірдегі боксты дамытуға қажет екенімді, жастардың талантын шыңдауға қабілетім жететінін айтып шақырған болатын. Мен де бұл ұсынысты қабыл алып, Қарағанды боксының дамуына үлес қосу мақсатында қайта оралдым.
– Алдағы уақытта басымдықты кәсіпқой боксқа бересіз бе, әлде әуесқой боксты басты назарда ұстайсыз ба?
– Негізгі басымдық әуесқой бокста болады. Алдымызда ел біріншілігі, Азия чемпионаты келе жатыр. Оның үстіне келесі жылы әлем біріншілігіне дайындалуымыз қажет. Одан қала берді келесі Олимпиада ойындары да бар. Негізгі басымдықты осы арнаға бұрғымыз келеді. Алайда Қазақстан бокс федерациясы мен Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан кәсіпқой бокста кездесу өткізуге рұқсат берілсе, онда ол жақта да жұдырықтасудан тайынбаймын.
– Не дегенмен, кәсіпқой бокста 4 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеттіңіз. Әуесқой боксқа ауысу туралы шешім қабылдағанда қаражат, гонорар мәселесін де қатар ойлаған шығарсыз. Әлде бұл тұрғыдан Қарағанды бокс федерациясынан арнайы гонорар тағайындалды ма?
– Әлбетте, кәсіпқой бокста гонорар мәселесі өте жақсы. Бұл мәселе бойынша Қарағанды бокс федерациясы арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оны алдағы уақытта көре жатармыз. Бірақ қаражаттың нақты мөлшерін айта алмаймын.
– Сіз мәлімдемеңіздің соңында: "Қарсыластарым, дайын болыңдар", – деп үндеу тастадыңыз. Осы орайда сізді жақын арада шаршы алаңнан көре аламыз ба?
– Иә, осы жылы өтетін турнирлерден көріп қаласыздар. Қазіргі уақытта Шымкенттегі спорт кешенде ұлттық құрама спортшыларымен бірге дайындалып жатырмыз.
– Қазір жасыңыз 27-де. Келесі Олимпиада ойындарында жасыңыз 30-ды алқымдап қалады екен. 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниеттісіз бе?
– Олимпиадаға барып, жүлделі болу – кез келген боксшының арманы. Егер бұйырып жатса, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысамын.
– Әуесқой бокстан ел біріншілігінің өзінде бәсекелестік деңгейі жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты сіз өз салмағыңыздағы бәсекелестікке шыдас бере аламын деп ойлайсыз ба?
– Менің ойымша бәсекелестіктің болуғаны жақсы. Ішкі біріншілікте ысылып шыққан боксшы халықаралық турнирлерде топ жаратыны анық. Оның үстіне ұлттық құрамадағы кез келген салмақта бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Мәселен 51 кг салмақ дәрежесінде екі әлем чемпионымыз бар, сондай-ақ 80 кг салмақта да екі бірдей боксшымыз әлемнің үздік боксшысы атанған. Сонымен қатар өзге салмақ дәрежелерінде де әлем біріншілігінің жүлдегерлері жиналған. Сондықтан біз бәсекелестікке әрқашан дайынбыз. Қандай қарсылас тап болса да, қарсы тұруға дайынбыз.
– Өзіңіз осы уақытқа дейін бірнеше мәрте жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов пен екеуіңіздің араңыздағы дуэльді қайтадан көреміз бе?
– Асланбекпен алдағы жекпе-жегіміз туралы алдын ала ештеңе айта алмаймын. Себебі ол Олимпиада ойындарына қатысады, осы додадан кейін оның жоспарлары қандай екенін мен білмеймін.
– Париж Олимпиадасында өнер көрсететін боксшыларымыздың деңгейі туралы қандай пікір айтасыз? Жүлдеден басты үміткерлердің есімдерін атай аласыз ба?
– Париж Олимпиадасына бокстан Қазақстан командасы толық құрамда бара жатыр. Әр жігіт өз салмағында жеңімпаз атануға толық мүмкіндігі бар. Оларды бөле-жарып қарамаймын, бәрі де мықты. Тек сәттілік тілеймін. Ел намысын абыроймен қорғап, тұғырдың биік сатысынан көрінсін.
– Сіз Қарағанды бокс мектебінің түлегісіз. Сол жақта өсіп-өндіңіз. Алдағы уақытта сізді Қарағанды мен ел боксының дамуына үлес қосатын мемлекеттік қызметтен көреміз бе? Жалпы мансабыңызды аяқтағаннан кейін осы бағыттағы қызметке ниетіңіз бар ма?
– Қазіргі уақытта да, кейін де ел үшін қызмет еткім келеді. Спорт саласында да қызмет етуге дайынмын. Бәрін де уақыт көрсетеді. Елдегі спорт саласының дамуына қандай бағытта болсын күш салуға дайынбыз.
– UFC-дің жарқын жұлдызы Ислам Махачевпен таныстығыңыз туралы білеміз. Бұл таныстық қайдан басталды? Сондай-ақ қазақстандық файтерлердің жекпе-жектерін көресіз бе?
– Исламмен танысқаным рас, бірақ жақын қарым-қатынас орнатпадық. Адам ретінде маған өте қатты ұнады. Ал қазақстандық файтер жігіттердің жекпе-жектерін әрдайым қарап, бақылап, жанкүйер болып отырамын. UFC, Nomad Fights секілді промоушендерін тамашалап тұрамын.
– Сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Сәттілік тілейміз!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2132985-olimpiadaga-qatysamyn-auesqoi-boksqa-oralgan-abylaihan-zhusipovpen-ekskliuziv-suqbat/