Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жілік-жілік етімізді алып барамыз": бас бапкер Олимпиадада боксшылардың қалай тамақтанатын айтты

Жарияланған күні:

Қамшыбек Қоңқабаев пен Мырзағали Айтжанов
Қамшыбек Қоңқабаев пен Мырзағали Айтжанов. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев "Таңшолпан" бағдарламасына сұқбат беріп, Париж Олимпиадасы қарсаңында қандай тағамдарды тұтынатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Олимпиадаға қазақтың ұлттық тағамдарын апаратынын айтты.

"Бұл мен аттанып бара жатқан бесінші Олимпиада. Әр Олимпиадада тамақ жағынан қиындықтар болмады. Олимпиадада бүкіл әлемнің асханасы болады, спортшылар сол жерден тамақтанады. Азияның, Американың немесе Еуропаның, жалпы алғанда барлық құрлықтың асханасын жегің келсе, сол болады. Ал бізге ет жақынырақ. Ол жақта сиырдың, қойдың, одан бөлек үйректің, қаздың еті болады. Ұлттық құрама үшін федерациямыз жігіттерге дайындаған қазы-қарта, жілік-жілік етімізді алып барамыз. Бұл бірінші олимпиада емес, біз әр үлкен жарысқа өзіміз үшін ет алып жүреміз. Неге десек, қазақтың жігіттері ет жемесе, тамақ жегендей болмайды. Сол себептен өзімізбен бірге құртымызды, қазы-қарта, жаямызды алып жүреміз", - деді Мырзағали Айтжанов.

Ал боксшы Қамшыбек Қоңқабаев тамақтануға байланысты бірқатар шектеудің бар екенін айтады.

"Ондай шектеулер бар. Спортшы формасына енген кезде иммунитеті әлсірейді. Өз-өзіңе қарап жүресің. Сол кездерде жаттығудан кейін мұздай су ішпей, салқындап қалмай, өз-өзімізді қадағалап жүреміз. Жаңа бапкерім айтып өткендей, қазы-қартамызды жеп шығамыз ғой", - деді боксшы Қамшыбек Қоңқабаев.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге бокстан Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) қорғайды.

Ал әйелдер құрамасынан тұңғыш аш рет үш боксшы қатысады. Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг) сынға түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2137959-zhilik-zhilik-etimizdi-alyp-baramyz-bas-bapker-olimpiadada-boksshylardyng-qalai-tamaqtanatyn-aitty/