Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Париждегі Олимпиада қалашағында бокстан Қазақстан құрамасымен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Геннадий Головкин қазақстандық боксшылардың Олимпиада қалашығындағы жаттығу залына барып, оларға қолдау білдірген. Сондай-ақ Головкин Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялап, қазақстандық спортшыларды қолдауға әрқашан дайын екенін жазды.
Еске салайық, GGG осыдан тура 20 жыл бұрын Грекия астанасы Афинада өткен Олимпиада ойындарында бақ сынып, күміс жүлде иеленген еді.
Париж Олимпиадасында бокс бәсекелері 27 шілдеде басталады. Жарысқа Қазақстан ерлер құрамасы толық құрамда қатысады. Ел намысын Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) қорғайды.
Ал Қазақстан әйелдер құрамасынан алғаш рет үш боксшы сынға түседі. Олар: Карина Ибрагимова (57 кг), Валентина Хальзова (75 кг), Назым Қызайбай (50 кг).
Еске салайық, бас бапкер Мырзағали Айтжанов Олимпиадада боксшылар қалай тамақтанатын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2138292-gennadii-golovkin-olimpiada-aldynda-qazaqstandyq-boksshylarmen-kezdesti-foto/