Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жаттығулары заман талабына сай емес": Қанат Ислам қазақ боксының кемшілігін айтты

Жарияланған күні:

Қанат Ислам
Қанат Ислам. Фото: Instagram.com/islamkanatqazaq

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Париж Олимпиадасындағы қазақстандық боксшылардың сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

"Францияда өтіп жатқан Олимпиада ойындарын қарап отырып, өзіміздің боксшылардың жеңілгенін көрген көптеген адам маған жазды. Олар "Өз ойыңды айтсаң, біздің бокс не боп жатыр, неге жігіттеріміз жеңіліп жатыр?" деп сұрап жатыр. Мен бұл команданы басқарып отырған жаттықтырушылардың бәрін сыйлаймын, білікті маман деп есептеймін. Бірақ кәсіпқой боксшы және маман ретінде айтарым әуесқой боксшылардың қазір істеп жатқан жаттығулары заман талабына сай емес. Өйткені мен 12 жыл Америкада жүргеннен кейін бұрын мен бұл жаттығуларды дұрыс десем, қазір қате деп санаймын. Себебі біздің жігіттердің жаттығуы 80-90 пайыз жағдайда мынадай: оларды бір таудың қуысына әкеліп тығады, сол жерден шығармайды.

Бүкіл облыстың жаттықтырушылары келіп, бас бапкердің қас-қабағына қарап, соның ығына жығылады да жігіттердің көбі бұрынғы жүрісінен жаңылады. Істеу керек жаттығуды да қажеті жоқ жаттығуды да істеп жігіттер шаршайды. Кім қатты шаршаса, кім қатты жұмыс істесе сол чемпион болады дейтін ұстаным қазір жоқ. Қазір дұрыс жаттығу істесең, дұрыс тамақтансаң жеңімпаз боласың.

Америкада, Мексикада тұрдым. Ол жақта жігіттер машина секілді шаршамайды. Өйткені ол жерде тамақ, дұрыс жаттығу және спортшының көңіл-күйіне мән беріледі. Әрбір адамда қорқыныш болады. Мен жекпе-жекке шығарда психикалық тұрғыдан дайындайтын мамандарға 3000-10 000 доллар аралығында төледім. Сондай мамандар бізде жетіспейді.

Көрші елдерді білесіздер көбірек Америкаға барып, сол елге жақындағаннан боксшыларында өзіне деген сенім, серпін бар. Біздің боксшыларға ізденіңдер деп айтқым келеді. Жаттықтырушының қас-қабағына қарамай, ізденісте болыңда, шетелге шығыңдар. Мүмкіндік болса, шетелден жаттықтырушылар әкеліп, солармен неге жұмыс істемеске? Егер мені қазақ спортына шақыратын болса, жігіттерге көмектесуге дайынмын", - деді Қанат Ислам Instagram желісіндегі ресми парақшасында.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасына бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 7 боксшымен барған еді. Оның ішінде тек Нұрбек Оралбай финалға жолдама алды. Ол украиналық боксшы Александр Хижнякпен алтын жүлдені сарапқа салады.

Ал әйелдер арасында тек Назым Қызайбай жарысты жалғастырады. Боксшы жартылай финалда Қытай өкілі Ву Юмен жұдырықтасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2144568-zhattygulary-zaman-talabyna-sai-emes-qanat-islam-qazaq-boksynyng-kemshiligin-aitty/