Спорт

Зектілері

Қарағандыдағы бокстан "Мықтылар турнирінің" алғашқы жеңімпаздары анықталды

Жарияланған күні:

Алуа Балқыбекова шаршы алаңда
Алуа Балқыбекова шаршы алаңда. Фото: gov.kz

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Қарағандыда өтіп жатқан "Мықтылар турниріне" қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас бапкердің айтуынша, барлық жекпе-жек тартысты өтіп жатыр. 

"Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Басталған алғашқы күннен бері қарай әр жекпе-жекті қадағалап отырмын. "Кім қалай жұдырықтасып жатыр? Қай боксшының жеңіске деген құлшынысы жоғары? Кім қандай айла-тәсіл жасады" барлығы жеке бақылауымда. Бүгін финалда чемпиондар анықталады. Ары қарай жарысты қорытындылап, қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баратын қыздарымызды анықтаймыз.

Қыздар бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасып жатыр. Сондықтан болар жекпе-жек барысында жарақат алып қалғандар көп болды. Бас киімсіз жұдырықтасқанда қалай қорғану керектігін әлі жете түсінбегеннен шығар деп ойлаймын.

Азия біріншілігіне дейін осы тұрғыда барынша жұмыс атқарамыз. Жаттықтырушыларға да арнайы тапсырмалар беруде. Бас киімсіз жұдырықтасу әйел затына оңай емес. Бірақ талап солай болды. Енді соған бейімделіп, жаңа ережеге бағынуға тура келеді. Бүгін боксшылардың жарақат алуынан кейін екі салмақта финалдық кездесулер болмайды", - деді Сайдалин. 

Сондай-ақ әйелдер боксынан Қарағандыда өтіп жатқан "Мықтылар турнирінде" алғашқы жеңімпаздар есімі белгілі болды.

  • 48 кг дейінгі салмақта Әйгерім Сәттібаева топ жарды. Ол финалда Ақбота Болаттан басым түсті; 
  • 50 кг дейінгі салмақта команда үздігі Алуа Балқыбекова жеңіске жетті. Ақтық сында Алуа ресейлік қарсыласын ұтты;
  • 52 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Жазира Орақбаева, 54 кг салмақта Әнел Сақыш көш бастады;
  • 60 кг дейінгі салмақта алматылық Виктория Графееваға тең келер ешкім болған жоқ;
  • 57 кг дейінгі салмақта Жамбыл облысының өкілі Виктория Байдукева үздік шықты;
  • 63 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қарағандылық Аида Әбікеева, 66 кг салмақта тәжірибелі Милана Сафронова жеңіске жетті. 

Айта кетейік, Қарағанды қаласында өтіп жатқан "Мықтылар турнирі" әлі жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2166907-qaragandydagy-bokstan-myqtylar-turnirining-algashqy-zhengimpazdary-anyqtaldy/