Бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай қарашада өтетін Азия чемпионатына қатыспайтын болды. Ол мұрнын емдетеді. Бұл туралы боксшының бапкері Асқар Еркебаев "Бірінші бол" сайтына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айта кетейік, Шымкентте өтіп жатқан Қарақозы Абдалиев атындағы халықаралық турнирде Нұрбектің сыңары Айбек Оралбай аса ауыр салмақта өнер көрсетіп жатыр. Алғашқы жекпе-жегін нокаутпен жеңді.
"Наурыз айында бокстан Италияда өткен лицензиялық турнирде Нұрбек мұрнынан жарақат алып, уақыттың тығыздығына байланысты емделуге мүмкіндік болмады. Соған қарамастан ол Олимпиадада жоғары нәтиже көрсетті. Болашақ әлем, Азия чемпионаттары, Азия мен Олимпиада ойындарына қатысу үшін қазір емделу керек. Емдеу шараларына қатысты алдағы Азия чемпионатынан тыс қалады", - деді Асқар Еркебаев.
Ағайынды Оралбайлардың жеке бапкері Айбектің жаңа салмаққа біржола ауысқанын да атап өтті.
"Айбек бұл турнирге аса ауыр салмақта қатысып жатыр. Барлық іріктеуден сәтті өтсе, қараша айының соңында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына қатысады. Бұл салсақта Қамшыбек Қоңқабаевтың жайы әзірге нақты белгілі болған жоқ. Ол да еліміздің мықты боксшысы. Қамшыбек +92 келіде қалып жатса, қайсысы мықты болса соған сенім артамыз. Бұл жарыста Азия чемпионатына нақты кімдер баратыны анықталмайды. Аталған сында әр салмақта боксшылардың бабын байқайды. Алда екі үлкен оқу-жаттығу жиыны бар. Сол кезде Азия біріншілігіне баратын құрам анықталады", - деді бапкер.
Бұдан бөлек, Асқар Еркебаев еліміздің бокс федерациясының World Boxing ұйымына мүшелікке енуі үшін өтініш бергеніне қатысты пікір білдірді.
"Біздің ұстанымыз кез кедген жағдайда барлығына сақадай сай болу керекпіз. Біз әзір болсақ, басшылық тарап өзге мәселені өздері шешеді. Біз қай ұйымда, қай жарыста болмасын спортшылардың биіктен көрінуіне жұмыс істейміз", - деді Асқар Еркебаев.
Айта кетейік, Асқар Еркебаев таяуда ұлттық құраманың қайта жасақталған жаттықтырушылар құрамына аға бапкер болып бекітілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2168545-murnyn-emdetedi-nurbek-oralbai-densaulygyna-bailanysty-aziia-chempionatyna-qatyspaidy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.