
Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (14-0, 12 KO) 13 желтоқсанда шаршы алаңға оралады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
BoxRec.com сайтының мәліметінше, Садриддин Ахмедов 13 желтоқсанда шаршы алаңға оралады. Ол АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Инез қаласында өтетін бокс кешінде өнер көрсетеді. Қазақстандық боксшының қарсыласы америкалық Рафаэль Игбокве (17-5, 7 KO) болмақ. Жекпе-жек он раундқа жоспарланған.
Бокс кешінің ұйымдастырушысы – әйгілі Том Леффлер. Ол бұған дейін Геннадий Головкинге ұзақ уақыт промоутер болған еді.
Айта кетейік, Садриддин Ахмедов 31 тамызда АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, америкалық боксшы Антонио Тоддты (17-11, 9 KO) бірінші раундта нокаутқа түсірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2176665-ali-zhengilip-kormegen-qazaq-boksshysy-sadriddin-ahmedov-sharshy-alangga-oralady/