
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының финалына 7 қазақстандық спортшы жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Биыл Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстан құрамасы сапынан 17 спортшы (8 ер, 9 әйел) сынға түсті.
Жартылай финалдық кездесулердің нәтижесі бойынша 7 боксшы финалға шықты. Ерлер арасында алтын медаль үшін Бексұлтан Боранбек (51 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Өнер Сейілхан (71 кг) және Санжаралы Бегалиев (75 кг) таласады. Ал әйелдерден Елянур Тұрғанова (50 кг), Ұлдана Таубай (66 кг) және Аружан Зейнуллаева (81 кг) финалда жұдырықтасады.
Осылайша, ерлер арасында Диас Берікбай (48 кг), Жансері Көшербаев (57 кг), Расул Асанханов (92 кг) және Аслан Елдібайұлы (92+ кг) әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Ал әйелдер арасында Әнел Әбдрасілова (48 кг), Бағжан Отынбай (52 кг), Толғанай Қасымхан (60 кг), Аружан Жанабаева (63 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг) және Панар Сейтханқызы (81+ кг) әлем чемпионатының қола медаліне қол жеткізді.
Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық бәсекелері 2-3 қарашада өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 500 000 АҚШ доллары. Жеңімпаздарға 8000 доллар, күміс жүлдегерлерге 4000 доллар, қола жүлдегерлерге 2000 доллар, ширек финалистерге 1000 доллар сыйақы беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2181609-qazaqstandyq-7-boksshy-alem-chempionatynyng-finalyna-shyqty/