Қазақстан бокс федерациясы 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-тың Колорадо-Спрингс қаласында World Boxing халықаралық бокс федерациясының Конгресі өтті. Жиын барысында Қазақстанның бокс федерациясы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі ретінде cаналатын 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді. Әлемдік ұйымның шешімі жақын арада белгілі болады.
Осыған дейін Қазақстан бокс федерациясы ресми түрде World Boxing ұйымының толыққанды мүшесі атанған еді. Қазақстан бұл ұйымға 52-ел болып қосылды. Сондай-ақ Өзбекстан да WB қатарына кірді. 2023 жылдың сәуірінде құрылған World Boxing құрамында қазір 55 мемлекет бар.
Айта кетейік, World Boxing Олимпиада комиссиясының төрағасы – Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин. Оның комиссия басшысы ретіндегі басты міндеттерінің бірі – боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында қалдыру.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2182736-qazaqstan-2027-zhylgy-bokstan-alem-chempionatyn-otkizuge-otinim-berdi/