Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өзбекстаннан көшіп келген қазақ боксшы: Атажұртта мұндай қолдау болады деп күтпедім

Жарияланған күні:

Аман Қонысбеков
Аман Қонысбеков. Фото: instagram.com/amankonsbekov

Биыл Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған боксшы Аман Қонысбеков атажұрты қалай қолдау көрсеткенін, жеке бапкері және бұрынғы командаластарымен қарым-қатынасы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Turkistan.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

20 жастағы Аман Қонысбеков жыл басында атажұртына оралып, Қазақстан азаматтығын алған еді. Боксшы атажұрты ыс­тық ықыласпен қарсы алады деп күтпегенін айтты.

"Мен Өзбекстанда өсіп-өнген қан­­дас болған соң, "Өз елім деп келді ғой. Бе­­тін қақпайық, керісінше қолдайық" деп жазғандардың қарасы көп болды. Расында, мұнда өзге елде тұратын қазақтарға, әсіре­се, бас­қа елдің туын көтеріп жүрген қандас­тар­ға ба­са назар аударып, жіті бақылап жүреді ғой. Дегенмен дәл маған осындай орасан қол­дау көрсетеді деп күтпедім. Мұқым жұрт­тың назары маған ауады деп еш ой­ла­мадым.

Бұрын-соңды өмірімде мұндай жайт­тар болмаған. Осында келгелі өзімнің жан­күйерлерім пайда болды. Қолдаушылар қатары көбейді. Мені ринг­те көргісі келе­тін, менімен отырып, әңгі­ме­лескісі келетін жанашырлар тобы арта түсті. Сол үшін Аллаға сансыз шүкір деймін", - деді боксшы.

Сондай-ақ Аман Қонысбеков жеке бапкері, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов туралы айтты.

"Мырзағали аға "Мен сені өзім жат­тық­тырамын" дегенде қатты қуандым. Ұлт­тық құраманың бас бапкері болғасын бас командаға көп уақыт бөлуге тиіс. Одан бөлек Сәкен Бибосынов, Сағындық Тоғам­баев сынды жеке шәкірттерді баптайды. Кейін мені өзі баптайтынын айтқан кезде "Расында, ағайдың қол астында жатты­ға­мын ба? Ағайдың шәкірті болғаным ба сонда?" деп көпке дейін сене алмай, таңырқап жүрдім. Бұған дейін ол кісіні тек те­ле­дидардан көріп, сыртынан бақылап жүрен едік қой. Қазір мен Астанада тұрамын. Дегенмен Мырзағали ағаның жеке шәкірті болғасын, жарыстарға Түр­кістан облысының атынан шығамын", - деді Қонысбеков.

Жас боксшы Өзбекстан құрамасындағы бұ­рын­ғы командаластарымен қарым-қатынасы өте жақсы екенін айтты.

"Олар мені үнемі қолдап жүре­ді. Жеңген кезімде үнемі құттықтап, ақ­жарма тілегін аямай жазады. Мен елге ке­лерде Өзбекстандағы спортқа жауапты үл­кендердің ақ батасын, разылығын алған­мын. "Мен Қазақстанға көшейін деп ж­а­тырмын. Әке-шешем де қоныс аударады. Елді сатып кетіп жатқаным жоқ. Тарихи Ота­ныма көшіп бара жатырмын" дегесін, олар маған ақ жол тілеп, шығарып салған. Біреудің разылығын алмай кетсең, жолың болмайды ғой", - деді ол.

Қазір Аман Қонысбеков желтоқсанда өтетін Қа­зақстан чемпионатына тас-түйін дайындалып жатқанын айтты. Бұл жарыста 2025 жылы әлем чемпио­на­тына қатысатын құрама анықталмақ.

Айта кетейік, Аман Қонысбеков Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін алғаш рет шаршы алаңға биыл мамырда шықты. Ол Астанада өткен "Елорда кубогі" халықаралық турнирінде бақ сынап, қола жүлде еншіледі. Кейін ол Түркістанда болған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңіске жеткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2186145-ozbekstannan-koship-kelgen-qazaq-boksshy-atazhurtta-mundai-qoldau-bolady-dep-kutpedim/