Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан құрамасында төрт әлем чемпионы бар: бокстан алдағы Азия біріншілігі туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: olympic.kz

29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласы бокстан кезекті Азия чемпионатын қабылдайды. Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі алдағы құрлық додасы туралы қызық мәліметтер ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бастапқыда Азия чемпионатын Иордания елі өткізуі тиіс еді. Алайда өңірдегі қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, осы айда жарыс алаңын Таиландтың Чиангмай қаласына өзгерту туралы шешім қабылданды. Таиланд Корольдігі өз тарихында ең көп 9 мәрте Азия чемпионатын ұйымдастырмақ. Салыстырмалы түрде Қазақстан әзірше сары құрлық додасын тек бір рет, 2010 жылы әйелдер арасында өткізген.

Азия чемпионатына алғаш рет Украина да қатыспақ. Бұл Азия чемпионатында тіркелген алғашқы жайт болса да, Еуропа чемпионатына өзге құрлықтан Израиль, Египеттің де қатысқан сәттері болған.

Азия чемпионатында ең көп алтын жүлде алған ТОП-3 мемлекет қатарында Оңтүстік Корея – 86 (1992 жылға дейін 76), Қазақстан – 56 және Өзбекстан – 55 бар.

Таиландтағы додада Қазақстан сапынан ерлер 13 салмақта жүлдеге таласады. Қазіргі құрамның арасында Санжар Тәшкенбай (2022 жыл) мен Айбек Оралбай (2022 жыл) бұған дейін Азия чемпионы атанып үлгерген. Ал Оразбек Асылқұлов, Бейбарыс Жексен, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Диас Молжігітов, Ерасыл Жақпеков, Бекзад Нұрдәулетов бұл жарысқа алғаш рет бара жатыр.

Алдағы Азия біріншілігінде Қазақстан сапынан 4 бірдей әлем чемпионы бақ сынайды. Олар: Санжар Тәшкенбай, Сәкен Бибосынов (Азия чемпионатында 2021 жылы - қола, 2022 жылы - күміс медаль алған), Махмұд Сабырхан (Азия чемпионатында 2022 жылы күміс медаль алған), Бекзад Нұрдәулетов (2019 жылы әлем чемпионы атанып, Токио Олимпиадасына қатысса да, бірінші мәрте Азия чемпионатына барады).

Әлем чемпионатында 3 мәрте қола жүлде алып, 2 Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі Абылайхан Жүсіпов Азия чемпионатында топ жара алмай келеді (2017 жылы - күміс, 2021 жылы - күміс).

"Ұлттық құраманың бас бапкері 71 килограмда бабында деген боксшыны апаруды жөн деп шешті. Сенім артып, ұлттық құрамаға қайта қабылдағаны үшін рақметімді айтамын. Негізгі бәсекелерге біршама жыл қатыспағандықтан, Азия құрлығындағы қарсыластарым жайлы айта алмаймын. Жеребе тарту рәсімінен кейін, әр қарсыласты зерттейтін боламыз. Ал Лос-Анджелес Олимпиадасы жайлы айтуға әлі ерте. Дәл қазіргі сәтте өз салмағымда бәсекелестік өте күшті. Жастар құрамасынан қосылатын талантты спортшылар да бар", - деді Жүсіпов.

Еске салайық, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай алдағы Азия чемпионаты туралы айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2193617-qazaqstan-quramasynda-4-alem-chempiony-bar-bokstan-aldagy-aziia-birinshiligi-turaly-ne-bilemiz/