Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Махмұд Сабырхан: 57 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасуға күшім жетпеді

Жарияланған күні:

боксшы
Махмұд Сабырхан. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Махмұд Сабырхан алдағы Азия біріншілігіне дайындығы, салмақ дәрежесіне қатысты жоспары туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландтың Чиангмай қаласында өтетін Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан 54 кг салмақта ел намысын қорғайды. Боксшы алдағы құрлық додасына дайындығы жоғары деңгейде өткенін, Геннадий Головкинді дайындаған америкалық бапкерлер жаңа әдістерді үйреткенін айтты.

2023 жылы әлем чемпионы болған Махмұд Сабырхан бұған дейін 1 жыл бойы 57 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан еді. Енді ол алдағы уақытта World Boxing-та жаңа 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

"Мен 54 кг салмақта екі әлем чемпионатына қатысқан едім. Бір рет күміс жүлдегер атанып, екіншісінде әлем чемпионы атандым. Қазіргі таңда 54 кг салмақта өзімді әлемдегі бірінші нөмірлі боксшымын деп есептеймін. Олимпиадада 54 кг салмақ дәрежесі болмағандықтан амалдың жоғынан 57 кг салмақта жүрдім. Топ жарам деген ой болды, дегенмен кішкене күш жетпегенін жасырмаймын. Әуесқой бокста жаңадан құрылған ұйым World Boxing-та жаңа салмақ 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетем деген мақсатым бар", - деді боксшы.

Махмұд Сабырханның туған інісі Төрехан Сабырхан Черногорияда әлем чемпионы атанып, ең үздік боксшы деп танылды. Махмұд інісінің  жеңісін қалай қабылдағанын айтып берді.

"Бір үйден екі чемпион шығып жатқан боксшылар өте көп. Артымнан ерген інім, бауырым әлем чемпионатына кеткенде тақымымызды қысып отырдық. Мен оның дайындығын да, жарыстарын да көріп жүргендіктен чемпион болып келетініне сендім. Жеңіп қана қоймай, әлемнің үздік боксшысы атанды. Өте қуаныштымын. Ол ересектер қатарына енді қосылды. Бірге өткізіп жатқан алғашқы жиынымыз. Бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп жүреміз. Інім олимпиададан келген соң қолдау көрсетіп, екеуміз бірге Қазақстан туын желбіретеміз деген мақсатымызды айқындап алдық. Кәсіпқой боксқа ойымыз бар. Алдымен Азия және әлем чемпионаттары мен олимпиадаға қатысамыз. Егер кәсіпқой боксқа тиімді ұсыныстар түсіп жатса, екі жақта да жүруге қарсы емеспіз", - деді Махмұд Сабырхан.

Боксшы биыл қыркүйекте шаңырақ көтерген еді. Әлеуметтік желіде ол бапкер Мырзағали Айтжановқа күйеу бала атанғаны туралы ақпарат таралып кетті.

"15 қыркүйекте үйлендім. Келіншегімнің есімі – Назым. Әкесінің аты – Мырзағали, бірақ танымал бапкер Мырзағали Айтжановқа еш қатысы жоқ. Кейбіреулер ақпаратты бұрмалап таратып жіберген секілді. Оған үйреніп те қалдық. Үйленгеннен кейін 5-6 күн ғана үйде болдым. Онан соң бірден жаттығу жиындары басталып, Шымкенттегі турнирде өнер көрсеттік. Алла бұйырса, Азия чемпионы атанып, отбасыммен бірге уақыт өткіземін деген ниеттемін", - деді Махмұд Сабырхан.

Еске салайық, бокстан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер құрамасы жасақталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2193717-mahmud-sabyrhan-57-kilogramm-salmaq-darezhesinde-zhudyryqtasuga-kushim-zhetpedi/