Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев Таиландта өтетін Азия чемпионатындағы қарсыластар және командасындағы үздіктер туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Prosports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
29 қараша мен 11 желтоқсан аралығында Таиландта өтетін Азия чемпионатында Өзбекстан ерлер құрамасы барлық 13 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Толқын Қылышев сары құрлық додасындағы бәсекелестік туралы сөз қозғады.
"Бізде Азия құрлығында әрқашан бірінші кезекте басты қарсылас – Қазақстан. Одан кейін, жергілікті команда Таиланд бар. Үндістан мен биыл алғаш рет бақ сынайтын Украина құрамасы да осал емес. Міне, төртеуі негізгі қарсыластар. Сонымен қатар, Моңғолия, Қырғызстан мен Тәжікстан да өз деңгейлерін көтеріп келеді. Бірақ басты бәсекелестеріміз – қазақстандық боксшылар", - деді Қылышев.
Сондай-ақ бапкер алдағы Азия чемпионатына қатысатын Өзбекстан құрамасындағы көшбасшы мен үздіктерді атады.
"Біздің көшбасшымыз – Миразиз Мырзахалилов. Ол әлем чемпионы, Азия ойындарында, Азия чемпионатында жеңіске жеткен тәжірибелі боксшылардың бірі, Олимпиада ойындарының қатысушысы. Екінші орында – Турабек Хабибуллаев, 80 кг. Ол Парижде ширек финалда Арлен Лопестен ұтылған еді. Үшіншісі – Джахонгир Зокиров, ауыр салмақта жұдырықтасады. Менің ойымша қазір тіпті, әлемде оған тең келетін ешкім жоқ. Ал төртіншісі – 71 кг, Хавасбек Асадуллаев. Қазақстан президентінің кубогын екі рет жеңіп алған. Басқа салмақ дәрежелерінде де тәжірибелі жігіттер өнер көрсетеді", - деді Толқын Қылышев.
Еске салайық, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы Азия біріншілігіне боксшылардың дайындығы, басты қарсыластар және алға қойылған мақсаттар туралы айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2194142-qazaqstan-arqashan-basty-qarsylasymyz-ozbek-bapkeri-aldagy-aziia-chempionaty-turaly-aitty/