
Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионатының ерлер арасындағы жартылай финалдық кезеңі аяқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан құрамасының он боксшысы жартылай финалда өнер көрсетіп, тоғыз отандасымыз финалға шықты. Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының финалдық бәсекелері 11 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған.
- 48 кг дейін: Санжар Тәшкенбай жапондық Казума Аратакені сенімді түрде жеңді.
- 54 кг дейін: Махмұд Сабырхан тайландтық Саравут Сукхтеттен басым түсті.
- 57 кг дейін: Оразбек Асылқұлов моңғолиялық Лундаа Гантумурды жеңіп, финалға өтті.
- 67 кг дейін: Дулат Бекбауов тәжікстандық Шухрат Саломатовтан айласын асырды.
- 71 кг дейін: Абылайхан Жүсіпов тағы бір тәжік боксшысы Шохобжон Шукуровты жарыстан шығарды.
- 75 кг дейін: Диас Молжігітов украиналық Павло Илюшаны жеңіп, финалға жолдама алды.
- 80 кг дейін: Өкінішке орай, Ерасыл Жақпеков өзбекстандық Турабек Хабибуллаевқа жол берді.
- 86 кг дейін: Бекзат Нұрдәулетов украиналық Данило Жасанды жеңіп, финалға шықты.
- 92 кг дейін: Сағындық Тоғамбай жартылай финалда қытайлық Туймяо Люді мерзімінен бұрын жеңіп, финалға өтті.
- 92 кг жоғары: Айбек Оралбай өзбекстандық Джаһонгир Зокировты жеңіп, алтынға таласатын болды.
Айта кетейік, кеше, 8 желтоқсанда +92 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Оралбай жартылай финалда өзбекстандық Жахонгир Закировпен кездесу өткізді. Нәтижесінде Айбек Оралбай өзбек боксшысын төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңді. Айбек Оралбай 2022 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында 92 кг дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2197956-qazaq-boksshylary-aziia-chempionatynda-on-zhartylai-finaldyng-togyzynda-zhengiske-zhetti/