Спорт

Зектілері

"Бүгін кім мықтыны анықтайды": өзбекстандық сарапшы қазақ боксшыларының Азиядағы бәсекелестігі туралы айтты

Жарияланған күні:

Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңда
Абылайхан Жүсіпов. Фото: kfb.kz

Өзбекстандық сарапшы Мурад Тешабаев Чиангмайда (Таиланд) өтіп жатқан Азия чемпионатының финалдық бәсекелерге арналған алдын ала сараптама дайындап, Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы бәсекелестік туралы жазды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Upl.uz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін, 11 желтоқсанда Азия чемпионатының шаршы алаңында тоғыз қазақстандық боксшы сынға түседі. Осы боксшыларымыздың жетеуі финалдық кезеңде өзбекстандық былғары қолғап шеберлерімен кездеседі.

"Бұл екі команда бүкіл жарыс барысында үстемдік етіп келеді. Чемпионатқа екі команда әртүрлі жағдайда келді. Қазақстандық боксшылар Париж Олимпиадасындағы сәтсіз нәтижеден кейін қайта жаңғыру кезеңін өткізуді көздеді. Өзбекстан болса турнирге негізінен екінші құрамын әкелді.

Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан жеті өзбек спортшысының ішінде тек Турарбек Хабибулаев қана Чиангмайға келді. Ол Олимпиадада 80 кг дейінгі салмақ дәрежесінде ширек финалға дейін жеткен болатын. Олимпиада чемпиондары Хасанбой Дусматов, Абдумалик Халоков, Асадхожа Муйдинхуджаев және Лазизбек Муллажонов бұл турнирге қатыспады. Баходир Жалолов пен Руслан Абдуллаев кәсіпқой боксқа ауысуды жөн көрді. Қазақстан болса Шымкентте іріктеу турнирін өткізіп, Азия чемпионатына апаратын негізгі құрамды анықтады.

Жартылай финал кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстан құрамалары шамамен тең дәрежеде өнер көрсетті. Тікелей кездесулерде есеп – 2:2. Сағындық Тоғамбай өзбекстандық Мадиар Саидрахимовты жеңсе, Айбек Оралбай Жахонгир Закировты айқын басымдықпен ұтты. Ал Өзбекстан боксшысы Асылбек Жалиловтың Сәкен Бибосыновты жеңсе, ал Турарбек Хабибулаев Ерасыл Жақпековты жеңген болатын.

Бүгін, 11 желтоқсанда жеті финалдық жекпе-жекте Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары кездеседі. Дәл осы жекпе-жектер Азиядағы кім мықтыны анықтайды", - делінген мақалада.

Айта кетейік, финалдық бәсекелер Қазақстан уақыты бойынша сағат 12:00-де басталады. Жекпе-жектердің тікелей көрсетілімін Азия бокс қауымдастығының YouTube желісіндегі ресми арнасынан көруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2198829-bugin-kim-myqtyny-anyqtaidy-ozbekstanda-qazaq-boksshylarymen-aziiadagy-basekelestik-turaly-aitty/