Спорт

Зектілері

"Екі салмақтағы нәтижеге келіспейміз": бас бапкер бокстан Азия чемпионатын қорытындылады

Жарияланған күні:

Cанжар Тәшкенбай мен Қайрат Сәтжанов
Cанжар Тәшкенбай мен Қайрат Сәтжанов. Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Таиландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатын қорытындылады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайрат Сәтжанов тек Санжар Тәшкенбай (48 кг) мен Абылайхан Жүсіповтің (71 кг) жекпе-жегіндегі төрешілер шешіміне келіспейтінін айтты.

"Біз тек екі салмақтағы нәтижеге келіспейміз: 48 және 71 кг. Басқа финалдық кездесулерде барлық жеңілістер әділ болды. Мен біздің кемшіліктерімізді байқадым. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істейміз. Сонымен қатар жаттығулар физикалық дайындық пен техниканы жақсартуға бағытталады. Менің ойымша, бәрі де сәтті болады. Жігіттердің әлеуеті мықты, мүмкіндіктері мол. Сондай-ақ Нұрбек Оралбай мен бірнеше боксшы жарысқа қатыспады.

Бізде қосалқы құрам мықты. Жас спортшыларды ұлттық құрамаға шақырамыз. Жақында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бірақ оған АЧ медалистері қатыспайды, өйткені дайындық үшін уақыт жоқ. Сондай-ақ, Таиландта жеңімпаз атанған, ел чемпионатында жеңіске жеткендер ұлттық құраманың бірінші нөмірі болып есептеледі",- деді Қайрат Сәтжанов.

Айта кетейік, Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 1 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 2-орынға табан тіреген еді. Бірінші орында Өзбекстан (8 алтын, 2 күміс және 1 қола) тұрcа, үздік үштікті 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен Тәжікстан түйіндеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2199369-eki-salmaqtagy-natizhege-kelispeimiz-bas-bapker-bokstan-aziia-chempionatyn-qorytyndylady/