
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов АҚШ-та өткізген жекпе-жегіндегі жеңісінен кейін маңызды мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sports.kz сайтының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін, 14 желтоқсанда орта салмақта өнер көрсететін Садриддин Ахмедов АҚШ-тың Санта-Инез қаласында өткен Hollywood Fight Nights бокс кешінде америкалық боксшы Рафаэль Игбоквемен (17-6, 7 КО) жұдырықтасты. Нәтижесінде 10 раундқа жоспарланған бұл жекпе-жекте қазақстандық былғары қолғап шебері 7-раундта қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.
Жекпе-жек аяқталғаннан кейін Садриддин Ахмедов бұл жеңісін қазақ еліне арнайтынын айтып, өзін толғандырып жүрген ойын ортаға салды.
"Бұл жеңісіммен барша қазақ елін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Сондай-ақ Қазақстанда көп жағдай болып жатыр. Соның бірі – Шерзатқа байланысты жағдай. Шетелде жүрсек те, оның бәрі жүрегімізге батады. Еліміздің көк туын осындай ареналарда көтеру біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ елі, сіздерді қатты жақсы көремін. Осы жеңісімді қазақ еліне арнағым келеді", - деді Садриддин Ахмедов.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Садриддин Ахмедовтің АҚШ-тағы екінші кездесуі болды. Бұған дейін ол тамызда дәл осы қалада Антонио Тодд (17-12, 9 КО) есімді америкалық боксшымен жекпе-жек өткізіп, бірінші раундта нокаутпен жеңіске жеткен еді.
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2200557-zhuregimizge-batady-qazaq-boksshysy-zhekpe-zhekten-keiin-marqum-sherzat-turaly-aitty-video/