
Париж Олимпиадасының алтын еншілеген өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаев қазақ боксшысы Асланбек Шымбергеновке қарсы жекпе-жегі есіне алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ YouTube желісіндегі Qalampir UZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарының финалында қазақстандық боксшы Асланбек Шымбергенов пен өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаев кездесті. Жекпе-жек аяқталуға небәрі 30 секунд қалғанда Асланбек Шымбергенов қарсыласын қатарынан үш рет нокдаунға жіберіп, тамаша жеңіске қол жеткізген еді.
Асадхужа Муйдинхужаев жақында Qalampir UZ YouTube арнасына берген сұқбатында осы жекпе-жекті есіне алды.
"Толқын аға (Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев) маған келіп: "Асланбекті бес жылдан бері Өзбекстаннан ешкім ұтпаған. Сен жеңіп тұрсың, тек 30 секунд шыда", - деді. Бұл сөздер маған ерекше мотивация берді. Айқасқа ешкім жеңілемін деп шықпайды, менде де дәл солай. Сондықтан мотивация болды. Бекерден-бекер әлем чемпионы атанбағанымды дәлелдегім келді. Бәрі Алланың қалауымен болады ғой, сөйте тұра біз себепшіміз, сондықтан әрекет етуіміз керек. Сол үшін бұл жайт маған үлкен тәжірибе, өмірімдегі маңызды оқиға болды", - деді Асадхужа Муйдинхужаев.
Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда өткен Париж Олимпиадасында бокстан 71 кг дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
Асланбек Шымбергенов алғашқы жекпе-жегінде иорданиялық Зейяд Ишаишке жеңіліп қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2203646-ony-eshbir-ozbek-utpagan-ozbekstannan-shyqqan-olimpiada-chempiony-aslanbek-shymbergenovke-qarsy-zhekpe-zhegin-esine-aldy/