Кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет танымал былғары қолғап шебері Сауль Канело Альварестің командасына қалай қосылғаны туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sport Plus Qazaqstan YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Бізді қолдаған Suleimen Promotion жабылғаннан кейін, Канелоның бапкері маған Instagram парақшама жазып, сол жаққа келуді ұсынды. Ол маған үміт артып отырғанын жеткізді. Жататын жерімді, жейтін тамағымды төлеп отырды. Сан-Диего қаласында Канело және басқа да мексикалық жігіттермен жаттықтым", - деді Бек Нұрмағанбет.
Сонымен қатар, Бек оның жекпе-жектерін кім жоспарлайтыны туралы да айтты.
"Мен Канелоның салмағында өнер көрсетемін. Ол әлемдік рейтингте 1-нөмірде, мен 14-орындамын. Олар менің бойымнан бірнәрсе көріп отыр деген үміттемін. Негізі менеджерім жоқ, сол Канелоның бапкері Эдди Рейносо жекпе-жекке шығуға көмектеседі", - деді қазақстандық боксшы.
Айта кетейік, 26 қазанда Бек Нұрмағанбет АҚШ-тың Сан-Хасинто қаласында (Калифорния штаты) өткен бокс кешінде сынға түскен болатын. Ол бұл жекпе-жекте қарсыласы мексикалық Хоакин Мурриета Лусионы (13-4-3, 11 КО) екінші раундта нокаутқа жіберіп, жеңіске жетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2207777-umit-artyp-otyrganyn-aitty-qazaq-boksshysy-kanelonyng-komandasyna-qalai-qosylganyn-aitty/