Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Өзбекстан командасымен бәсекелестік туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайрат Сәтжанов ұлттық құраманың Азия чемпионаттарындағы кейінгі нәтижелеріне тоқталды.
"2017 жылы Ташкентте бізде 1 алтын медаль, ал Өзбекстанда 9 чемпион болды. 2019 жылы Таиландта Қазақстан құрамасы 2 алтын жүлдемен оралды. Екі жылдан кейін БАӘ-де бізде алтын медаль мүлде болмады. 2022 жылы мен жігіттерді Иорданияға апардым, онда 3 боксшымыз чемпион атанды. Биыл Таиландта біз 5 алтын медаль жеңіп алдық. Менің ойымша, бізде өсу динамикасы бар алдымен бір алтын, содан кейін екі, нөл, үш, енді міне бес. Алдағы уақытта тек алға жылжимыз", - деді бас бапкер.
Сондай-ақ Қайрат Сәтжанов бокстан Өзбекстан ұлттық құрамасымен бәсекелестік туралы сөз қозғады.
"Соңғы Олимпиада мен әлем чемпионаттарының нәтижелері бойынша Азия құрлығы көш бастап тұр, ал Өзбекстан құрамасы бірінші орында. Қазіргі таңда бұл – ең үздік команда. Соңғы Азия чемпионатында олар тек қазақстандық боксшыларға есе жіберді. Жеке кездесулер бойынша есеп 6:6 болды. Өзбектер негізгі құраммен шықпады деп айту дұрыс емес. Турнирге жақсы боксшылар келді және олар жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуды мақсат етті. Жарысқа Өзбекстанның соңғы чемпионатының жеңімпаздары қатысты", - деді Сәтжанов.
Еске салайық, Қайрат Сәтжанов боксшы Нұрбек Оралбайдың қатарға қайта оралуы және алдағы ірі жарыстарға дайындық жоспарлары туралы айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2209205-olar-qazir-eng-uzdik-komanda-qairat-satzhanov-ozbekstan-quramasymen-basekelestik-turaly-aitty/