Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын аустралиялық кәсіпқой боксшы Теремоана Жуниор (6-0, 6 KO) германиялық Осасу Отобоны (11-2-1, 5 KO) жеңді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Gold Coast Convention Centre спорт кешенінде (Бродбич, Аустралия) өткен бокс кешінде Теремоана Жуниор германиялық Осасу Отобомен (11-2-1, 5 KO) кездесті. Алты раундқа жоспарланған бұл кездесу 1-раундта-ақ аяқталды. Аустралиялық боксшы қарсыласын 1 минуттың ішінде нокаутқа түсірді.
Осылайша Теремоана Жуниор кәсіпқой бокстағы алтыншы жеңісіне қол жеткізді, ал Осасу Отобо мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады.
Аталмыш жекпе-жектің алдында Теремоана Жуниор өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен (14-0, 14 KO) кездескісі келетінін айтты. Қос боксшы былтыр Парижде өткен Олимпиада ойындарының ширек финалында кездескен. Ол кездесуде Баходир Жалолов төрешілердің шешімімен жеңіске жетіп, сол додада топ жарып, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.
"Мен Баходир Жалоловпен реванш өткізгім келеді, себебі Олимпиадада мен жеңіске жеттім деп ойлаймын. Маған біраз уақыт беріңіздер, біз міндетті түрде кәсіпқой рингте қайта кездесеміз. Сол сәтті асыға күтемін", - деді Теремоана Жуниор Matchroom Boxing YouTube арнасына берген сұқбатында.
Айта кетейік, Олимпиададан кейін Баходир Жалолов әуесқой бокстан кетіп, кәсіпқой мансабына ден қойды. Өзбек боксшысының келесі кездесуі 6 ақпанда Канададағы Монреаль қаласында өтеді. Оның қарсыласы – франциялық Давид Спилмонт (16-8-1, 11 KO).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2209814-qarsylasyn-1-minutta-sulatyp-tusirgen-boksshy-bahodir-zhalolovty-kezdesuge-shaqyrdy-video/