Спорт

Зектілері

"Қаны аз деп алмай қойған": Бек Нұрмағанбеттің әкесі ұлын боксқа апарған кезін еске алды

Жарияланған күні:

Бек Нұрмағанбеттің әкесі Қазбек Махатов
Бек Нұрмағанбеттің әкесі Қазбек Махатов. Скриншот: youtube.com/@sportplus_qaz

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбеттің әкесі Қазбек Махатов ұлының бокстағы алғашқы қадамы туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "SPORT+" телеарнасының Youtube-тағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазбек Махатов ұлы алғашында бокс секциясының медициналық комиссиясынан өте алмағанын еске алды.

"Бек төбелеске, жұдырықтасуға икемді болды. Сондықтан оны боксқа бергенмін. "Сол жақта күшіңді көрсет" дедім. Алғашында комиссия оны қаны аз деп қабылдамай қойғаны бар. Кейін екінші рет барғанда қабылданып, бір аптадан кейін Б. Саттарханов турнирінде жеңімпаз атанды. Кейін тоқтамай, бокста тек өрлей берді", - деді Бек Нұрмағанбеттің әкесі.

Сондай-ақ Қазбек Махатов өзін ешкім танымайтынын, белгілі боксшының әкесі екенін айта бермейтінін жеткізді.

''Бектің менің балам екенін көп жағдайда қасымда тұрған адамдар біле бермейді. Мен де мақтанып айта қоймаймын. Себебі мені ешкім танымайды. Бек Нұрмағамбеттің әкесімін де ешкімге кеудемді ұрып айтпаймын да. Біреу сұрамаса, мен де тіс жарым ештеңе айта қоймаймын. Бұл жасырғаным емес. Мақтанғанды ерсі көремін", - деді Қазбек Махатов.

Еске салайық, Бек Нұрмағанбет өткен жылы қазанда АҚШ-тың Сан-Хасинто қаласында (Калифорния штаты) өткен бокс кешінде мексикалық Хоакин Мурриета Лусионы екінші раундта нокаутпен жеңген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2209821-qany-az-dep-almai-qoigan-bek-nurmaganbetting-akesi-ulyn-boksqa-apargan-kezin-eske-aldy/