Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды
Жарияланған күні:
Бокстан Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ерлер құрамасын Астана қаласындағы халықаралық әуежайдан, ал әйелдер құрамасын Алматы қаласынан жанкүйерлер, спортшылардың ата-аналары, туыстары мен достары ерекше ықыласпен қарсы алған.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 қыркүйекте түнгі сағат 3:00-де Алматы әуежайында бокстан әйелдер құрамасын салтанатты түрде қарсы алу шарасы өткен.
Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Алуа Балқыбекованы, Аида Әбікеева, Назым Қызайбай, Елдана Тәліпова және Виктория Графееваны құттықтап, әлемдік аренада елдің мерейін асқақтатқаны үшін алғыс айтқан.
Чемпион қыздар өздерін құшақ жая қарсы алған жанкүйерлерге және қолдау білдірген бүкіл елге алғыс айтып, бұл – жаңа жеңістердің бастауы ғана екенін атап өткен.
Ал ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай, Санжар Тәшкенбай, Бекзат Нұрдәулетов, Сабыржан Аққалықов, Сағындық Тоғамбай мен бас бапкер Қайрат Сәтжанов бастаған Қазақстан ерлер құрмасын Астана әуежайында ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Бердалин, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан және бір топ жанкүйер күтіп алған.
Айта кетейік, әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2286717-bokstan-alem-chempionatynyng-zhengimpazdary-men-zhuldegerleri-elge-oraldy-foto-video/