Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күрестен Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде ел қоржынына төрт медаль түсті

Опубликовано:

балуандар
Фото: united world wrestling

Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы кешенде күрестен Азия чемпионатының өтіп жатқаны белгілі. Сары құрлық додасының алғашқы күні грек-рим күресінен 5 салмақтың жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Аманғали Бекболатов (55 келі) қытайлық Хайфенг Жангты таза ұтып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Отандық балуан ширек финалда үндістандық Рупинге есе жіберді. Алайда жұбаныш белдесуінде қырғызстандық Сардарбек Конушбаевты жеңіп, медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. Аманғали былтыр Моңғолиядағы Азия чемпионатының финалына шығып, жапониялық балуаннан ұтылған.

Ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысқа қатысқан Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі) Азия біріншілігінде қола медаль жеңіп алды. Ол жүлде жолында жапониялық Кьезо Маруйаманы таза ұтты.

Мұхамедәлі алғашқы кездесуде қытайлық Хаодонг Танды таза жеңген. Бірақ жартылай финалда өзбекстандық Шермұхаммад Шарибжановтың мықты екенін мойындауға мәжбүр болды.

Алғашқы жарыс күні финалға шыққан жалғыз қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсыновқа сәттілік жолдас болған жоқ. Ол финалда былтырғы сары құрлық чемпионы ирандық Насер Гасем Əлизадеден ұтылып қалды. 87 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін отандық балуан ширек финалда былтырғы күміс жүлдегер өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовты, сосын, қырғызстандық Атабек Азизбековтен басым түскен.

Айта кетейік, Нұрсұлтан биыл ақпанда Алматыда өткен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы. Ол былтыр Моңғолия астанасында өткен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Насер Гасем Əлизаде былтыр Моңғолия астанасында болған сары құрлық чемпионатының жеңімпазы. Осылайша, ол елордада өз атағын қорғап қалды.

Аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов (130 келі) 2-жыл қатарынан Азия чемпионатында медаль алды. Былтыр Моңғолияда оңтүстік кореялық Минсекок Кимнен басым түсіп, алтыннан алқа таққан қазақстандық бұл жолы дәл сол қарсыласын тағы ұтып, 3-орыннан көрінді.

Əлімхан күндіз ширек финалда түрікменстандық Айбегшада Куррайевты ұтқанымен, жартылай финалында қытайлық Линчжэ Мэгқа есе жіберді. Қазақстандық балуан – биыл ақпанда Алматыда өткен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы.

Алғашқы күннен кейін 4 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алған Иран құрамасы көш басына шықты. Одан кейін 1 алтын, 1 қоламен Қырғызстан тұрса, үздік үштікті Қазақсан құрамасы түйіндейді (1 күміс, 3 қола медаль). 

Айта кетейік, бес күнге созылатын бәсекеге құрлықтағы 24 елден 400-ден аса спортшы жиналды. Олардың арасында Олимпиада, Әлем және Азия чемпиондары бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2016106-kuresten-aziya-cempionatynyn-algasqy-zarys-kuninde-el-qorzynyna-tort-medal-tusti/