Өзбекстан атынан сынға түскен қазақ балуаны, әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Елмұрат Тасмұратов бүгінде АҚШ-қа кетіп қалған. Бұл туралы ол Bassport.kz сайтына берген сұхбатында айтып, өміріндегі қиын кезеңдерге тоқталды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Бұл жаққа келгеніме еш өкінбеймін. Өмірге дайындайды екен. Өзбекстанда ерке болып жүрген екенбіз. Қара жұмысты да істеп көрдік. Себебі өз еліңде қандай чемпион болсаң да, бұл жақта сен ешкім емессің. Сондықтан бәрін басынан бастау керек. Жұрттан сұрасаң, Америкада бәрі жақсы деген жауап аласың. Ал өзім бұл сұрақты осында келгенге дейін зерттеп те көрмеппін. Сөйтсем тек визаң болса ғана оңай болады екен. Тиісті құжаттарың болмаса, өте қиын. Грин карта алып, қазір елге бейімделе бастадық", - дейді балуан.
Сондай-ақ Тасмұратов әйелімен ажырасқанын және әкесінен айырылып қалғанын айтты.
"Отбасылық мәселелерге байланысты мұхит асамын деп шештім. Себебі Ташкентте қиналып кеткенімді түсіндім. Аллаға шүкір, екі балам бар, бірақ әйелім екеуіміз екі бөлек кеттік. Үйдегілер қайта үйлен дейді, ал мен балаларымның жүрегін ауыртқым келмейді. Негізі карьерамды аяқтағалы Катар, Қытай секілді елдерден де жұмыс істеу туралы шақырту түскен. Дегенмен өзім Америкаға барғаным жөн болар деп шештім. Елшілікке барғанда визаның да реті келе қалды. Сәтін салды деген осы шығар.
АҚШ-та жүргенде әкемнен көз жазып қалдық. Сап-сау жүрген, сөйлескенімізден соң араға жарты сағат салып бақилыққа аттанып кетіпті. Өкінішке қарай, қоштасып үлгермедім. Әрі-бері қатынау өте қиын. Құжаттар жағынан мәселелер болды, қазір соның бәрін реттедік. Енді үйге құр бармас үшін желтоқсанға дейін жұмыс істесем деген жоспарым бар", - дейді Елмұрат.
Қазіргі таңда Өзбекстан намысын қорғаған қазақ балуаны АҚШ-бапкер ретінде жұмыс істеп жүр. Болашақта ол басқа салада бақ сынап көрмек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2018120-taskentte-qinalyp-kettim-ozbekstan-namysyn-qorgagan-qazaq-baluany-zeke-omirindegi-satsizdikterdi-asyp-aitty/