Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан кілемді айналып жүгіретін сәтте тудың жоқ екенін естігенде қандай сезімде болғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Jibek Joly TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Белградта өткен әлем чемпионатында еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақта Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атанды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша, чемпион атанған балуан өз елінің туын жамылып, кілемді бір айналып өтеді. Бұл балуанға берілген құрмет саналады. Бірақ бапкерлер Ризабектің белдесуі алдында еліміздің туын алып шықпаған. Кілемді бапкерімен бірге айналып өткен Ризабектің: "Ту қайда, ту?" деп жабырқаулы жүзбен сұрағаны да жанкүйерлерге естілді.
"Менің мақсатым жеңіске жету болды. Жеңіске жеттім. Әкем жаққа қарағанда ту жоқ екен. Бұл да тарихи жеңіс қой. Тумен жүгіру қайта келе бермейді. Әкемнен "ту қайда?" деп сұрадым. "Ту жоқ екен" – деп айтты. Сол жақта импровизация жасап, ту болмаса да әкемнің қолын көтердім. Сол кезде әкем ақ жейдесіндегі кішкентай ғана Қазақстан туын көрсетіп үлгерді.
Соның өзінде "ту әкелетін шығар, қазір жүгіремін" деп үміттендім. Әкемді құшақтадым да, кілемді сүйдім. Соның өзінде де үміттеніп жан-жағыма қарадым. Баспалдақтан түскен кезде тудың болмағаны қатты тиді. Шамамен бір сағаттай жыладым. Жеңіске жеткенім үшін емес, Қазақстан туы табылмағанына жыладым", - деді әлем чемпионы "Түнгі студия" бағдарламасында.
Кейіннен Спортты дамыту дирекциясы құрама бапкерлерінде неліктен ту болмағанын түсіндірді.
"Туды ұмытпаған. Команда басшысы туды бапкерлерге берген. Бірақ финал соңғы секундқа дейін тартысты өтті ғой. Сол себепті, бапкерлер тек алтын медаль туралы ойлаған", - деген еді Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов Ризабек Айтмұханның олимпиадалық салмақ саналатын 97 келіге ауысқанын мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2049180-bir-sagattai-zyladym-alem-cempiony-atangan-rizabek-aitmuxan-qazaqstan-tuyn-tappaganda-qandai-kuide-bolganyn-aitty/