Жұматай Шубаев – Беларусь елінде тұратын белгілі бапкер. Осы уақытқа дейін еркін күрестен көптеген балуанның бабы мен бағын келістіріп, жеңіс тұғырына жетелеген. 37 жыл бойы сырт мемлекетте келісті қызмет етіп жүрген Жұматай Шубаевпен тілдесудің де сәті түсіп, KAZ.NUR.KZ тілшісі сұқбат құрды.
– Жұматай Маратұлы, осы Жезқазған өңірінің спортсүйер қауымы Шубаевтар әулетін – "балуандар әулеті" деп жатады. Талай мықтылар мен жүректілерді шығарған бұл отбасыдағы күрес өнері атадан балаға дарыған деген әңгімені де естідік.
– Расында өзімнің әкем, туған бауырларым, інілерім осы спорттан алыс емес. Әкем Марат Шубаев қазақша және еркін күрес түрлерінен бірнеше додаларда топ жарса, әкемнің ағасы Алдан Шубаев грек-рим күресінен жақсы нәтижелер көрсеткен. Сонымен бірге інілерім де күреспен кәсіби түрде айналысып келеді. Мысалы інім Жалын 13 жасында Ақтөбедегі ел біріншілігіне қатысып, жеңімпаз атанса, 1986 жылы 14 жасында Архангельскідегі Бүкілодақтық бәсекеде екінші орынды иемденеді. Ал дәл осы турнирде тұғырдың жоғары сатысынан көрінген тағы бір Жасұлан есімді інім боз кілемде ерте жасынан танылған спортшы. Ол екі мәрте жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Бес мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Ал қазіргі таңда ол Жезқазған қаласында еркін күрестен жас балуандарды баптап, жаттықтырушылық қызметте жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
– Қазақта "Алма ағашынан алыс түспейді" деген сөз бар. Балуандар әулетінен балуан шығатыны анық. Алайда күреспен айналысуыңызға қандай жағдай түрткі болды? Бала Жұматайды алғаш спортзалға жетелеп апарған кім?
– Негізі мен 1972 жылы қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылында дүниеге келгенмін. Әкем осы ауылымызда орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің күрес секциясына қолымнан жетелеп әкеледі. Ол кезде менің жасым 7-де. Мектеп табалдырығын енді аттаған мен үшін күрестің алғашқы әліппесі осылай басталған. Бұл спорт мектебінде мен Сергей Сабеев, Анатолий Арон секілді бапкерлерден тәлім алып, күрес өнерімен айналыстым. Осы кезде үлкен деңгейдегі спорт додаларына да қатысып жүрдім.
– Сіз 37 жыл бойы Беларусь елінде тұрақтап, сол жақта жаттықтырушы ретінде жүйелі жұмыс істеп келесіз. Алайда көпшілікті сіздің бұл елге қалай қоныс аударғаныңыз қызықтырады.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен Сергей Сабеев секілді мықты бапкердің тәлімін алдым. Сол жаттықтырушымыздың ұлы Арават Сабеев 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болғаннан кейін Белоруссияға шақырылды. Ал ол уақытта мен Қазақстан біріншілігінде кадеттер арасында жеңімпаз атанып, жақсы деңгейде күресіп жүрдім. Жаттықтырушымыз Сергей Туганович жарыстарда жүлде алып, бабында жүрген 7 баланы Белоруссияға алып кетті. Олардың ішінде мен де болдым. Осылайша 1987 жылы 15 жасымда Гродно деген қаладан бір-ақ шықтым. Олимпиадалық резерв училищесіне түсіп, оны 1990 жылы тәмамдадым. Еркін күрестен жаттықтырушы ретінде арнайы диплом алдым. Сонымен бірге, сол елдегі білікті бапкерлердің назарына ілігіп, спорттағы жолымды сонда жалғадым. Жарыстарға қатыстым, шеберлігімді шыңдадым. Ал Одақ тарағаннан кейін жаттықтырушылық жұмысқа ауыстым. Бастапқыда Янка Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінде бапкер болдым. Ал қазіргі уақытта еркін күрестен Беларусь Республикасы ұлттық командасының бапкерімін.
– Беларусь еліндегі бапкерлік қызметіңізге көңіліңіз тола ма? Шәкірттеріңіз қандай жетістіктерге жетіп жүр?
– Бұл жақтағы бапкерлік қызметіме көңілім толады. Бәрі ойдағыдай. Осы уақытқа дейін бірқатар балуандарды баптап, түрлі додаларға дайындап келеміз. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ жеткен жетістік, көрсеткен нәтиженің бәрі де – ортақ. Бұл командалық жеңіс. Құраманың жетістігі үшін жанын салып жатқан бапкерлер ұжымының атсалыса атқарған жұмысының нәтижесі деп білемін.
– Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасын да бақылап отыратын шығарсыз. Ұлттық құраманың деңгейін қалай бағамдайсыз?
– Қазіргі уақытта деңгейі жақсы. Негізі пандемияға дейін біз еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге жиі-жиі бірлескен оқу-жаттығу жиындарын жүргізетінбіз. Осы уақытқа дейін Алматы, Шымкент, Тараз секілді бірқатар қалаларда екі елдің балуандары бірге жаттығу өткізді. Олар да бізге келетін. Ал қазақ балуандарының нәтижелері жылдан-жылға еселеніп келеді. Азамат Дәулетбеков, Әлішер Ерғали, Ризабек Айтмұхан, Юсуп Батырмурзаев секілді балуандар қазақтың атын шығарып жүр. Олар жеңіс тұғырынан көрінгенде, мен де қуанамын. Мысалы Токио Олимпиадасында еркін күрестен 57 кг дейін салмақта қола медальді еншілген Нұрислам Санаевтың жүлдесіне ерекше қуанған болатынмын. Ұлттық құрама жетістіктерін әрдайым бақылап тұрамын. Олар жеңіс тұғырына көтерілсе, ел қуанады, елмен бірге мен де қуанамын.
– Сұқбаттың басында "балуандар әулеті" жайлы сөз қозғадық. Бүгінде өзіңіз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр екенсіз. Олар да спорттан алыс кете қоймаған шығар.
– Иә, бір ұл, бір қызым бар. Ұлымның аты – Марат. Қазақстан елшілігі мен Беларусь Білім министрлігінің ортақ бағдарламасы болған. Бағдарлама ережесі бойынша екі елдің оқу орындарында үш студент ауысып тегін оқуға мүмкіндік алды. Міне, осы бағдарлама негізінде ұлым Марат та Астана қаласында білім алды. Қазіргі таңда ол Астана қаласында фитнес-жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Ал қызымның есімі – Дана. Көбіне ол тілдерді зерттеуге, тіл үйренуге қызығады.
– 37 жыл – үлкен уақыт. Шет мемлекетте жүріп, ұзақ уақыт жүйелі қызмет етіп жүрсіз. Елді сағынасыз ба?
– Әрине, сағынамын. 8 сыныпқа дейін елде болдым. Одан кейінгі өмірімнің бөлігі Беларусь елінде өтіп жатыр. Алайда жылына екі мәрте Қазақстанға келіп, ауылға барып, мауқымды басып тұрамын. Туған-туыс, бауырларымның көпшілігі Жезқазғанда. Олармен тілдесіп, ауыл әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Сондай-ақ мен өскен кең далада ерекше иіс бар еді. Ол – жусанның иісі. Жусан иісі – балалығымның иісі. Беларусь елінде жүргенде, осы жусан иісін сағындым. Бала күнімде осы жусанды қолыма бір ысқылап алғанда, иісі қолымда бұрқырап тұратын. Әлі күнге дейін ойымнан кетпейтін, санамда сайрап тұрар – осы сәттер екен.
– Алдағы уақытта елге оралып, жас балуандарды баптау туралы жоспарыңыз бар ма?
– Әзірге нақты жоспарым жоқ. Менің Белоруссияда атқарар шаруаларым жеткілікті. Алдағы уақытта жолым түсіп, тағдыр бұйыртып тұрса, қазақ балуандарын баптаудан, жаттықтырудан тартынбаймын.
– Жұматай Маратұлы, сізбен сұқбат құрып отырып байқағаным – қазақшаңыз судай. Ұзақ уақыт шет мемлекетте жүрсеңіз де, ана тіліңізде көркем әрі кестелі түрде сөйлейді екенсіз. Ана тіліңізде еркін әрі ашық сұқбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2120121-zhusan-iisin-sagyndym-belarus-elinde-turatyn-qazaq-bapkeri-zhan-syryn-aqtardy/