Қазақстандық балуан Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесіндегі бәсекенің финалында Демеу Жадыраев жапон балуаны Нао Кусакамен күресті. Олимпиада алтынына таласта Жадыраев қарсыласына 5:2 есебімен жол беріп, күміс медаль еншіледі. Бұл – Қазақстан қоржынына түскен алтыншы жүлде. Қазір еншімізде 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар.
Айта кетейік, Нао Кусака – 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылғы Азия чемпионы. Ал Демеу Жадыраев – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль иегері және Азия чемпионатының төрт дүркін жүлдегері (2018 жылы – күміс, 2015, 2019 және 2021 жылдары — қола).
Демеу Жадыраев Париж боз кілеміндегі алғашқы белдесуінде Колумбия спортшысы Джейр Куеромен күресіп, мерзімінен бұрын жеңген еді. Кейін ол ширек финалда екі дүркін әлем чемпионы қырғызстандық Ақжол Махмудовтан басым түсті. Ал жартылай финалда Әзербайжан спортшысы Санан Сүлеймановтан айласын асырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2145625-demeu-zhadyraev-parizh-olimpiadasynyng-kumis-zhuldegeri-atandy/