Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Елдос пен Ғұсман жастарды ынталандырады": бас бапкер спортшылардың жетістіктеріне тоқталды

Жарияланған күні:

Дзюдошы Елдос Сметов
Дзюдошы Елдос Сметов: By Oscar J. Barroso/Europa Press via Getty Images

Дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Париж Олимпиадасында жетістікке жеткен дзюдошылардың жетістіктеріне тоқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас бапкер Нұрбол Сүлейменов алтын алған Елдос Сметов пен қола еншілеген Ғұсман Қырғызбаевтың жетістіктерін жоғары бағалады.

"Олимпиададан кейін біраз уақыт өтті. Ондағы сайыстарға қазір дұрыс баға бере аламыз. Біз үшін өте жақсы өтті деп айта аламын. Парижде қазақстандық дзюдо биіктен көрінді деп айта аламын. Бұған дейін біз еш уақытта алтын жүлде алмаған едік. Бұл жолы "алтын" да, "қола" да алдық. Екі жүлде алу деген бұрын-соңды болмаған. Өзімізді өте жақсы көрсете алдық. Әрине, адам бір арманға жетсе, екіншісі ұмтылады ғой. Көбірек жүлде алғымыз келеді. Кей сәттерде жастар қобалжып қалған болуы мүмкін, басқа да себептер бар. Бірақ қалай болғанда да біз өте жақсы өнер көрсеттік. Оны жоққа шығара алмаймыз", - деді Нұрбол Сүлейменов.

Сондай-ақ бас бапкердің сөізнше, алдағы Қазақстан біріншілігінде команда құрамы қайтадан жасақталады. Ол іріктеу біріншілігі болмақ. Өзін көрсете алғандар ұлттық команда құрамына ену мүмкіндігіне ие болады.

"60, 73, 81 кг дейінгі салмақтағы спортшылар мықты. Мәселен алдағы ел біріншілігінде олар өз мүмкіндігін және бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Өзін жақсы жағынан көрсетсе, әрине, негізгі командағы тартамыз. Ал негізінде, өздеріңіз білесіздер, біздің құрама айтарлықтай жас. Негізінен 2000 жылдан кейін туған дзюдошылар бағын сынайды.

Елдос Сметов, Ғұсман Қыргызбаев әлбетте көмекке шығады, сонымен бірге кей турнирлерде күрес алаңына шығады. Олардың жиындарға қатысуы, жарыстарға баруы – жастарға ынта береді. Мотивациясы артады. Олар тағы да жеңіс тұғырына шығады деп ойлаймын", - деп түйіндеді бас бапкер.

Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өткен Олимпиада ойындарында 60 кг дейінгі салмақта бәсекеге түскен Елдос Сметов финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңді.

Ал 66 кг дейінгі салмақта сынға түскен Ғұсман Қырғызбаев сербиялық дзюдошы Страхинья Бунчичпен Олимпиаданың қола жүлдесі үшін белдесуде жеңіп кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2176614-eldos-pen-gusman-zhastarga-ynta-beredi-bas-bapker-sportshylardyng-zhetistikterine-toqtaldy/