Еркін күрес шебері Ризабек Айтмұханның әкесі әрі бапкері Қанат Жолдасбеков ұлының бұл спорт түріне алғашқы қадамы, отбасындағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынас жөнінде айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Бірінші бол" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ризабек Айтмұханның әкесі әрі бапкері Қанат Жолдасбеков ұлының еркін күреспен қашаннан бастап шұғылдана бастағанын жеткізді.
"Ризабек 10 жасынан бастап еркін күреспен шұғылданды. Бастапқыда қарсы болған, бірақ мәжбүрлеп қатыстыру арқылы біртін-біртін еркін күреске деген махаббатын ояттық.
Кішкентайынан жауапкершілігі мол, тиянақты болды. Сабағын да тастаған жоқ, оқу үлгерімі жақсы болды. Адамға білім керек, спорттық мансабын аяқтаған соң да өмір сүруі керек қой. Үш тіл біледі, жан-жақты", - деді Қанат Жолдасбеков.
Қанат Жолдасбеков ұлы Ризабек бозкілемге шыққанда, анасы ерекше уайымдап отыратынын айтты. Сондай-ақ ол әке мен бала, бапкер мен шәкірт арасындағы байланыс туралы да өз ойын ортаға салды.
"Әрине, отбасымызбен спортқа қызығамыз. Анасы қосымша күш беретін адамы ғой. Жарақат алып қалмаса екен деп уайымдайды. Атасы мен әжесі де үнемі қолдап отырады. Ризабектің жетістігі сол кісілердің тілеуінің арқасы да шығар.
Ұлыңа ең алдымен шәкірт ретінде қарайсың. Жаттығуда, жарыста балаң екенін ұмытуың қажет. Бірақ үйде әке мен бала ретінде әңгімелесеміз, үйде спорт туралы мүлде сөйлеспейміз", - деді Қанат Жолдасбеков
Айта кетейік, Албания астанасы Тиранада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Ризабек Айтмұхан 97 кг дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған еді.
Бұған дейін Ризабек Айтмұхан қыркүйекте Испанияда өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ Ризабек Айтмұхан 2023 жылы Сербияның Белград қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлде иеленген болатын. Осылайша ол тәуелсіз Қазақстанның еркін күрес тарихында әлем чемпионы дәрежесіне жеткен тұңғыш балуан атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2182617-ush-til-biledi-zhan-zhaqty-rizabek-aitmuhannyng-akesi-uly-turaly-aitty/