Спорт

Зектілері

"Музыка үйірмесіне барып жүрдім": Ғұсман Қырғызбаев спортқа қалай қадам басқанын айтты

Жарияланған күні:

Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев
Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев. Фото: Michael Reaves/Getty Images

Дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев спортқа қалай қадам басқанын айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ақтөбе" телеарнасының Youtube-тегі арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ғұсман Қырғызбаев мектепте оқып жүргенінде ауылында күрестен басқа дамыған спорт түрлері болмағанын айтты.

"Бастапқыда музыка үйірмесіне қатысып жүрдім. Музыкалық аспаптардан домбыра, баянда ойнадық. Оның қасында спорт секциясында сыныптастарым жаттығып жүретін. Кейін ата-анама қоймай айта берген соң солар күреске жетектеп әкелді. Татамиді сыртынан көргенде жұмсақ секілді еді ғой. Сөйтсек, ол қатты болады екен. Ауданда дзюдо жоқ, тек қазақ күресі ғана бар еді. Қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы атандым. Дзюдодан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болдым, енді Олимпиададан қола жүлде алдым", - деді Қырғызбаев.

Сонымен бірге дзюдошы бала кезінен чемпион болуды армандап, ата-әжесінен бата алғанын айтты.

"Бала кезімде Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев чемпион болғанда ата-әжем теледидарға қарап отырып, дұға оқып, бата жасаған болатын. Кішкентай болсақ та, чемпион болу туралы армандайтын едік. Арманымның 70 пайызы орындалды. Спорт бізге көп нәрсе берді. Тәртіпке баулып, ортада өзімді ұстауды үйретті", - деді Олимпиада жүлдегері.

Ғұсман Қырғызбаев жаңа жылдан бастап жаттығуға қайта кірісетінін атап өтті. Сондай-ақ ол 2028 жылғы Олимпиададан кейін спорттық мансабын аяқтау ойында бар екенін де жасырмады.

Еске салайық, Ғұсман Қырғызбаев Париж Олимпиадасында үшінші орынға таласта сербиялық дзюдошы Страхинья Бунчичті жеңіп, 66 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2188967-muzyka-uiirmesine-baryp-zhurdim-gusman-qyrgyzbaev-sportqa-qalai-qadam-basqanyn-aitty/