Спорт

Зектілері

"22 көлік міндім": Айбек Нұғымаров спорттық мансабында алған сыйлықтары туралы айтты (видео)

Жарияланған күні:

Айбек Нұғымаров
Айбек Нұғымаров. Фото: instagram.com/aibeknugymarovofficial

"Қазақстан барысы" турнирінің екі дүркін чемпионы Айбек Нұғымаров спорттық мансабында неше көлік ұтқанын айтты. Бұл туралы ол "Алқа" рухани-танымдық радиосының "Толағай" бағдарламасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Айбек Нұғымаров сұқбат барысында қазақ күресінің қазіргі дамуы мен болашағына қатысты көзқарасын білдірді.

"Қазақстан барысының" бастапқы кезеңінде 150 мың доллар, көлік, пәтер берген еді. Кейін сол кезде облыс әкімі болған марқұм Бердібек Сапарбаев "қашан ұтасыңдар" деп бізден үнемі сұрайтын. 2013 жылы мен "Қазақстан барысында" чемпион атанғанда пәтер мен көлікті сыйға тартты. Осы жолы Ерасыл Қажыбаевқа үй мен пәтер, Саят інімізге де көлік мінгізді. "Аш бала" келіп күресіп, еңбегі ақталып жатса, бұл өте жақсы нәрсе", - деді Айбек Нұғымаров.

Балуан ұлттық күрестің танымалдылығын арттыруда Арман Шораев пен Бейсен Құранбектің еңбегін ерекше атап өтті.

"Арман Шораев ағамызға қазақ күресін осындай танымал деңгейге көтергені үшін көп рақмет. Кешегі Бейсен Құранбек ағамыздың қоңыр даусымен турнирді жүргізгені де керемет еді. Ол барлық балуанды жеке танитын. Аты-жөнін ғана емес, жеке өзінің кім екеніне дейін білетін. Оның інісі Сәрсен Құранбек ағамыз да қазақ күресінде жұмыс істеді. Ол кісі – тәртіптің адамы. Тәртіп болған жерде барлық нәрсе болады", - деп пікір білдірді ол.

Айбек Нұғымаров. қазақ күресімен айналысып жүріп, жалпы 22 көлік ұтып алғанын айтты. Бұдан бөлек, түрлі деңгейдегі әкімдер мен меценаттар сыйлаған 4-5 көліктің иесі болғанын да жасырмады.

"Қазақ күресімен айналысып жүріп 22 рет көлік міндім. Бұдан бөлек, облыс, аудан басқарған ағаларымыздың мінгізген 4-5 көлігі бар. Ағамыз Бейбіт Ыстыбаев 34 көлік мінгенін айтады", - деді Айбек Нұғымаров.

Сонымен қатар балуан қазақ күресінің қазіргі даму деңгейіне жоғары баға берді.

"Қазақ күресінің болашағына көңілім толмайды дегенді мүмкін қазіргі балалар айтатын шығар. Мен енді дамып келе жатқан кезеңінен бастап қазіргі уақытына дейін келдім. Салыстырмалы түрде айтсам, қазақ күресі қазір жақсы қарқынмен өсіп келе жатыр. Бірақ кешегі өткен "Қазақстан барысында" барша жанкүйер куә болды. Бұрын аса ауыр салмақтағы балуандар ғана жеңіске жететін. Қазір жеңілдеу салмақта балуандар жүлде алып жүр. Мысалы, Ерсұлтан Мұзафаров (-100 кг) финалға дейін жетті. Одан кейін басқа да жеңіл салмақтағы балуандар жартылай финалға дейін жетті. Бұған қарап біздің ұлттық күрестің өсіп жатқанын көруге болады", - деді Айбек Нұғымаров. 

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров 2012 жылы "Қазақстан барысы" турнирінде алғаш рет қола жүлдеге ие болса, 2013 жылы чемпион атанды. 2018 жылы қола белбеуді қанжығасына байласа, 2019 жылы 32 жасында екінші рет турнир жеңімпазы атанған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/fight/2195955-22-kolik-mindim-aibek-nugymarov-sporttyq-mansabynda-algan-syilyqtary-turaly-aitty-video/